Санжар Боқаев екі айға қамауға алынды

Санжар Боқаев екі айға қамауға алынды
Фото: Видео кадры

Танымал белсенді Санжар Боқаев екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Санжар Боқаевқа қатысты іс екі бап бойынша тергеліп жатыр: ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық") және ҚК-нің 340-бабы 3-бөлігі 1-тармағы ("Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау").

"19 наурызда Алматы қаласы тергеу сотының қаулысымен С.Боқаевқа екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, 18 наурызда Алматыда Санжар Боқаев ұсталған болатын. Бас прокуратура мәліметінше, Санжар Боқаев жалған ақпарат тарату және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың қоғамдық саябақ аумағында ағаштарды заңсыз кескені және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлағаны туралы видео жариялады деген күдікке ілінген.

"Тергеу дерегіне сәйкес Санжар Боқаев осы қылмыстарды ұйымдастырып, қаржыландырған. Ол үшін табысы төмен адамдарды тартып, оларға ақшалай сыйақы беру арқылы ағаш кесу мен ұрлық жасауға тапсырма берген. Сондай-ақ, ол аса ірі мөлшерде қаражатты алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке ілініп отыр", - деп жазылған бұған дейінгі хабарламада.

Кейін Санжар Боқаев ұсталған сәттің видеосы тарады. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget