"Санитарлық талап мүлде сақталмаған". Ата-аналар Өскемендегі балабақшалардың бірінде тәртіп жоқтығына шағымданды

"Санитарлық талап мүлде сақталмаған". Ата-аналар Өскемендегі балабақшалардың бірінде тәртіп жоқтығына шағымданды

Өскемендегі балабақшалардың бірінде дау шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала шетіндегі Аблакетка кентінде "Балауса" деп аталатын балабақша жыл басында қолданысқа берілген.

Гүлжан Мұратова (аты-жөнін өзгертіп беруді өтінді) ұлы тәрбиеленіп жүрген топта тұрмыстық химия балалар түбегі дәл жанына қойылғанын айтты.


"Зияны тиетін заттарға әркімнің қолы жетіп тұр. Санитарлық талап мүлде сақталмаған. Бөлмелердің іші лас, балалар бірінен соң бірі энтеровирус пен ротавируспен ауырады. Тәрбиешілер телефоннан бас алмайды. Тіпті сәбилер тобындағы 1-2 жасар бөбектердің терезенің жақтауына өз беттерінше шығып алғандары бар. Әдіскерге де, тәрбиешіге де қаншама рет ескерту айттық – еш нәтиже жоқ, – деді ол.


Ата-аналар топтағы балалар жиі қараусыз қалып қойып, бір-бірін тістеп, төбелесіп кететіндерін сөз етті. Ал мектепке дейінгі мекеме өкілдері жан-жақты ескертулерге еш құлақ аспай отырған көрінеді.

"Аталған өтінішке сәйкес "Балауса" жекеменшік балабақшасына құрамында әкімдік, прокуратура, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, сондай-ақ ата-аналар қоғамы өкілдері бар, тексеріс жүргізілді. Тәрбиеші, әдіскер және кіші топ тәрбиешісінің көмекшісінен түсініктеме алып, олқылықтарды жоюға уақыт берілді", – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова.


Айжан Тлебалдинова есімді ата-ана Аблакеткадағы "Жұлдыз" деген балабақшада да тура осы жағдай екенін жеткізді. Айтуынша, қызметкерлері үнемі телефонға телміріп отырады, еден жуушы мен күзетшіні де көрмеген.
Сәуле Алагөзова жұмыс тобы келесі аптада тағы бір рет тексеріске шығатындығын алға тартты.


Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы