Жаздағы ең керемет нәрсенің бірі - аптапта ішуге болатын салқын сусындардың көп болуы. Алайда елордалық санитария дәрігерлері кейбір танымал сусындар денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды TengriMIX.
Нұр-Сұлтанның Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті импорттық және отандық алкогольсіз сусындардың 63 үлгісін сараптамаға іріктеп алған. 12 сынама талапқа сай келмеген.
"Monster Ultra can энергетикалық сусынында, "Монстр Энерджи Ультра" алкогольсіз сусынында және "Натахтари" лимонадында консервант - натрий бензоаты концентрациясы 1,1-ден 1,2 есеге дейін артқаны анықталды", - дейді мамандар.
Натрий бензоаты немесе Е-211 қоспасы өнеркәсіпте өнімнің жарамдылық мерзімін арттыру үшін кең қолданылады.
"Е-211 концентрациясының жоғарылауы денсаулыққа қауіп төндіреді. Кейбір адамдарда аллергия тудыруы мүмкін. Е-211 бар өнімдерді С дәрумені бар өнімдермен бірге тұтынуға болмайды, өйткені олар өзара әрекеттескен кезде бензол пайда болады. Ол қатерлі ісік пайда болуына себеп болуы мүмкін", - деп түсіндірді санитария дәрігерлері.
Сондай-ақ, Департамент өкілі энергетикалық сусындарды жиі тұтынудың қандай зияны барын еске салды.
"Бұл ағзаның патологиясына, тіс кіреукесінің бүлінуіне, тез салмақ қосуға әкеледі. Сонымен қатар, қант диабеті, гипертония, атеросклероз және басқа ауруларға әкеп соғуы мүмкін", - делінген хабарламада.
Мамандар қазақстандықтарды алкогольсіз салқын сусындарды таңдағанда аса мұқият болуға, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына назар аударуға шақырды.