“Санда бар, санатта жоқ”: Қазақстанда миллиондаған мал басы жалған есептен шығарылды

“Санда бар, санатта жоқ”: Қазақстанда миллиондаған мал басы жалған есептен шығарылды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың басынан бері 2 млн бас ірі-қара мал, 3,2 млн бас қой мен ешкі, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мал басының жалған есептерінің негізгі бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі.

"Есептен шығарылған мал басының негізгі үлесі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Қосымша 2,5 млн тонна дәнді дақылдарды, 2 млн тоннаға жуық картопты және 300 мың тоннадан астам пиязды есептен шығару жоспарлануда. Жалған есептерді қайтадан болдырмау үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін есепке алу және қадағалау, сондай-ақ субсидиялар беру бойынша ақпараттық жүйелер жетілдіріліп жатыр", - деп атап өтті вице-премьер.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Жолдауда агроөнеркәсіп саласында бірқатар заңбұзушылық әрекеттерін атап өтті. Президент "санда бар, санатта жоқ" мал басының жалған есебін жасаушыларды жауапқа тартуды тапсырды.

Электр энергетика секторын жаңғыртуға 10 трлн теңге қажет, тарифтер өзгеруі мүмкін бе?
Электр энергетика секторын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

"Алдын ала бағалаулар бойынша ұлттық жобаны іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет. Қаржыны тарту төрт көзден жоспарлануда: отандық және халықаралық қаржы институттары, екінші деңгейдегі банктер, мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордың қаражаты, сондай-ақ энергетикалық объектілердің иелері", – деді Қанат Бозымбаев.

Ұлттық жобаның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Үкімет қаржы институттары мен бизнеске тиімді тарифтер деңгейін және қарыздар мен капиталды қайтаруға кепілдік беретін құжаттарды қабылдауды жоспарлап отыр.

Президенттің тапсырмасын орындау аясында жылу, электр және сумен жабдықтау кәсіпорындарындағы жабдықтардың тозуы талданды. Нәтижелерге сәйкес, 22 жылумен жабдықтау кәсіпорындарында тозу көрсеткіші 65 пайыздан 90 пайызға дейін, 18 электрмен жабдықтау объектілерінде – 70 пайыздан 97 пайызға дейін, 13 сумен жабдықтау кәсіпорындарында – 70 пайыздан 100 пайызға дейін, 24 су бұру кәсіпорындарында – 70 пайыздан 100 пайызға дейін жеткені анықталды. Сонымен қатар 55 энергия өндіруші ұйымда жабдықтардың орташа тозуы - 56 пайыз.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны бекітуді тапсырған болатын.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz