“Санасына берсін“. Айгүл Иманбаева келінімен қарым-қатынасы туралы айтты

“Санасына берсін“. Айгүл Иманбаева келінімен қарым-қатынасы туралы айтты
Фото: видеодан кадр

Жақында екінші рет тұрмысқа шығып, келін атанған Айгүл Иманбаева ене мен келіннің қарым-қатынасы туралы кеңес айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнші әрі актриса әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеосында өзі де келін, өзі де ене екенін айтып, қарым-қатынас құрудағы ерекшеліктеріне тоқталды.

"Қазір өзім де келінмін, енемін. Қоғамда келін мен ене тақырыбы үнемі өзекті. Көпшіліктен келіп жатқан "Келініңізбен қарым-қатынасыңыз қалай? Өзіңіз қандай келінсіз, қандай енесіз?" деген сұрақтарға бүгін жауап беруді жөн көрдім", - деді ол видеода. 

Айгүл Иманбаева тәрбие адамның бойына 13 жасқа дейін сіңетінін, адамды қайта тәрбиелеу қиын екенін айтты. 

"Менің ойымша, ене болып аяқ астынан образға кіріп, бірден ақылгөйсіп, келінді тәрбиелеудің еш қажеті жоқ. Тәрбие 13 жасқа дейін баланың бойына сіңеді. 13 жастан кейін баланы тәрбиелемейді. Ақылы бар ата-ана онымен дос, сырлас болады. Менің келінім де өз отбасынан алған тәрбиесін бойына сіңірген адам. Ол менің баламмен бас қосты екен деп, аяқ астынан ене образына кіріп, ақыл айту әбестік деп санаймын", - деді ол.

Актрисаның айтуынша, үйге келін келгенде адам әуелі өзін тәрбиелеуі керек екен.

"Қазақта "Санасына берсін" деген жақсы сөз бар. Әр бала өз отбасында қандай тәрбие көрді, соны өзімен бірге сенің үйіңе алып келеді. "Менің балам күшті, келінім оңбаған" дейтін енелермен келіспеймін. Олай болмайды. Егер сен сондай келінді алсаң, ол жақсы болсын, жаман болсын, не өзің жақсысың, не өзің жамансың. Басқа шаңырақтан, басқа тәрбие көріп келген келін сенің үйіңе келгенде, сен өзіңді тәрбиелейсің. Егер ақылың болса. Оған ақыл айтып, жол көрсетіп, аяқ астынан ғұлама болудың қажеті жоқ", - деді ол.

Айта кетейік, Айгүл Иманбаева бұған дейін ұлының тойында жаңалығын жария ететінін айтқан болатын. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Ибраева