- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Саналы әке өз...
Саналы әке өз отбасы мен елі үшін жауап береді. ER-BATYR жобасында Мақсұтбек Айтмағанбет
ER-BATYR жобасының жаңа қонағы - "Әкелер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет.
Ол жүргізуші Тимур Балымбетовке берген сұхбатында саналы ер адам өзі мен жақындары үшін ғана емес, бүкіл ел үшін жауапты екенін айтып, қазір бала тәрбиелеуде кездесетін ең үлкен үш мәселені атап өтіп, "дивандағы" әкелерге деген көзқарасы туралы әңгімеледі, сондай-ақ жастарды отбасын құрар кезде саналы қадам жасауға шақырды. Жобаның жаңа шығарылымын ER-BATYR YouTube арнасынан тамашалаңыздар. Жоба серіктесі - Altel мобильді операторы.
Жоба қонағы қазіргі кезде бала тәрбиелеуде кездесетін үш негізгі мәселені атады.
"Ең басты мәселе - гаджеттер. Егер 90-жылдардағы біздің буынды алсақ, қиын кезең болды, ата-анамыз барлық қалаған нәрсені сатып алып бере алмады, бәрі тапшы болды. Ал қазір бәрі басқаша. Адам жұмыс істесе, кірісі болса, балаларының мүмкіндігі көп болады, телефон сатып алып бере алады. Бәрі өз балаларын толық қамтамасыз еткісі келеді, бұл - қалыпты жағдай. Бірақ мұның қаншалықты қауіпті екенін түсінбейміз. Балаларға үлгі болу үшін алдымен өзіміз гаджеттерді дұрыс қолдануымыз керек. Екінші мәселе - балалар, өкінішке қарай, интернеттен, шетел мәдениетінен және т.б. қаһарман тауып алады. Әке олар үшін қаһарман емес. Әкелерде кездесетін үшінші мәселе - олар балаларымен әртүрлі әлемде өмір сүреді. Құндылықтар басқа. Бірақ, менің ойымша, бұл - әке мен баланың проблемасы емес, жалпы қоғамның проблемасы. Мұның бәрі өте маңызды, өйткені жасөспірімдер арасындағы суицид статистикасына қарасақ та, балалар өздерін таба алмайтын сәттерге назар аударсақ та, бұл - ең алдымен біздің ата-ана мен мұғалім ретінде кінәміз, өйткені біз балалардың деңгейіне түсе алмаймыз", - деді ол.
Сондай-ақ Мақсұтбек "дивандағы" әкелерге қатысты көзқарасын білдірді: "Біз әкелерге былай дейміз: сен бөтен адам үшін бірдеңе істеп жатқан жоқсың, өз отбасың, балаларың үшін істейсің, оларға үлгі боласың. Тіпті зерттеулерге сүйенсек, некенің жартысы қарапайым тұрмыстық заттарға байланысты бұзылады: отбасында кім және не істеу керек. Мысалы, 90-жылдары базарда әйелдер ғана тұрды, ал ер адамдар бұл кезде қайда болды? Есімде, базарда, мысалы, 100 әйел мен 3-4 ер адам сауда жасайтын, қалғандары оларға сынай қарайтын. Мәселенің неде екенін түсінбеймін, олар өз отбасылары үшін тұрды, оларға бұл ұят көрінуі керек секілді. Сіздің әйеліңіз, балаларыңыздың анасы тоңып тұрса, ұят емес пе? Сондықтан "дивандағы" әкелерге мүлдем қарсымыз", - деді ол.
Жоба қонағы саналы әке болу туралы пікірін айтты.
"Жауапты және саналы әке - өз балалары, әйелі, туыстары, елі үшін жауапкершілік арқалай алатын адам. Түрлі жағдайларда бірінші болып өз Отанын қорғаушылар қатарынан табылуы керек. Осылай түсінуіміз керек. Егер қазір отбасында қорғаушы, жауапты адамды тәрбиелемесек, ертең елді қорғауға шығатын әке тәрбиелей алмаймыз", - деді ол.
Мақсұтбек ажырасқан жағдайда бала тәрбиелеп отырған ер адамдарға үндеу жасады.
"Өтінемін, балаларыңызды ұмытпаңыз. Мәселе алиментте емес, ақшада емес. Ол - сіздің қаныңыз, сіздің балаларыңыз. Өйткені балалардың анасымен ажырасу балалармен ажырасу деген сөз емес. Бұл өте маңызды", - деді бағдарлама қонағы.
Сондай-ақ ол жастарды отбасын құрарда, бала дүниеге әкелерде жауапкершілікпен қарауға шақырды.
"Үйленгісі келетін жастар саналы түрде қарау керек, отбасылық өмірдің бірінші жылы - күйеуі мен әйелі, содан кейін күйеуі, әйелі және баласы екенін түсіну керек. Отбасылық өмірге өте жауапкершілікпен қарау керек. Үйленген кезде тек жар таңдап қана қоймай, ол біреуге келін, қарындастарыңа әпке, балаларыңа ана бола ма деген сұрақтарды ойлану керек. Бұған өте саналы түрде келу керек. Себебі өмірлік жар - ең басты инвестиция", - деп атап өтті жоба қонағы.
Жобаның Instagram-дағы ресми парақшасы - erbatyrkz.
Н. Үсенова