Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов экс-әйелінің айыптауларына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, Атырау тұрғыны Ақмарал Үмбетқалиева оның бұрынғы күйеуі 11 жыл бойы ұрып, балаларын тартып алғанын айтқан болатын.
Ал шенеунік өзіне жала жабылды деп санайды.
"Бұрынғы әйелімнің тарапынан маған тағылған айып БАҚ-та тарап кетті. Жеке өміріме қатысты пікір білдіру орынсыз деп санаймын. Ал бұрынғы әйеліме сана берсін деймін. Ол соңғы жайттарға байланысты түрлі видеоны қарап алып, менің жұрт алдында жүргенімді біліп, осындай мәлімдеме жасаған болуы керек.
Ортақ балаларымыз - екі қызымыз менімен тұрады. Бұл қыздарымның және соттың шешімі. Ұрып-соғуға қатысты - қазір сот процесі жүріп жатыр, БАҚ-тан асығыс шешім қабылдамауды сұраймын", - дейді аудан әкімі.
Еске салайық, Атырау қаласының тұрғыны Ақмарал Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі, оған қоса қазір Атырау облысы Мақат ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген Ринат Ибрагимовқа қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі 11 жыл бойы ұрып-соққан, балаларын тартып алған.
Атырау облысының әкімдігі мәліметінше, аудан әкіміне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіледі.
"Мақат ауданы әкімінің бұрынғы жұбайының өтінішіне қатысты азамат А.Үмбетқалиева Атырау облысының әкімдігіне жүгінбегенін хабарлаймыз. Мән-жайға байланысты қызметтік тексеріс тағайындалды", - деді ведомство өкілдері. Ақмарал Үмбетқалиева бұған дейін әлеуметтік желіде бұрынғы күйеуі аяусыз соққыға жыққанын, тіпті балаларының көзінше "мүгедек етемін" деп тепкілегенін айтқан болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!