“Самұрық-Қазынаның“ жаңа басшысы қашан тағайындалады? Бектенов мәлімдеме жасады

“Самұрық-Қазынаның“ жаңа басшысы қашан тағайындалады? Бектенов мәлімдеме жасады
Фото: sk.kz

Премьер-министр, "Самұрық-Қазына" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов соңғы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Оның айтуынша, қазір құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Істің барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.

"Жағдай Мемлекет басшысының бақылауында. Құзыретті органдар заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, объективті әрі жан-жақты тергеу жүргізуге тиіс", – деді Премьер-министр.

Бектенов бұл оқиға Қор құрамындағы барлық компанияның қызметіне күмән келтіруге негіз болмауға тиіс екенін атап өтті.

Жаңа төраға тағайындалады

Премьер-министрдің мәліметінше, жақын арада "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Басқарудағы сабақтастық пен Қор жұмысының үздіксіздігі толық қамтамасыз етілмек.

Қор тобына кіретін компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Даму стратегиясы өзгермейді, ал инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.

Сондай-ақ инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер уақытылы әрі толық орындалатыны айтылды.

Бақылау мен аудит күшейтіледі

Олжас Бектенов орын алған жағдай корпоративтік басқару жүйесін күшейтіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған қосымша шаралар қабылдауды талап ететінін жеткізді.

Қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін арттыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралады.

"Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың стратегиялық бағытының өзгермейтінін, тұрақтылық, ашықтық және жауапты әріптестік қағидаттарына бейілділігін растайды", – деді Бектенов.

Премьер-министр Қазақстан халықаралық инвестициялық және қаржы қоғамдастығы үшін сенімді әріптес болып қала беретінін атап өтті. Үкімет Қордың стратегиялық бағыты, тұрақтылық, ашықтық және жауапты әріптестік қағидаттары өзгермейтінін растады.

О. Сансызбай
Logotype Massaget