- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Самұрық-Қазына" таза кірісінен...
"Самұрық-Қазына" таза кірісінен "Қазақстан халқына" қорына қаражат аударады: құжат талқылауға шығарылды
Ұлттық экономика министрлігі "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының таза табысынан "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына қаражат бөлу қағидалары туралы құжатты әзірледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жыл сайын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына аудиттелген қаржылық есептілік негізінде қор компаниялары тобының таза пайдасының кемінде 7 (жеті) пайызы мөлшерінде қаражат бөледі", - делінген құжатта.
Бұған қоса, қордың қоғамдық қорына беретін қаражатының мөлшері қажеттіліктің негіздемесін қамтуға тиіс қоғамдық қорының жазбаша сұрау салуы негізге алына отырып айқындалады.
"Қор осы қағидалардың 4-тармағында көрсетілген сұрау салуды алғаннан кейін 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде сұрау салуда көрсетілген мөлшерде қоғамдық қорының шотына қаражат аударуды қамтамасыз етеді. Талап етілмеген қаражат қоғамдық қоры талап еткенге дейін қордың иелігінде сақталады. Бөлінген қаражатты қоғамдық қоры есепті күннен бастап 3 (үш) жыл ішінде талап ете алады. Талап етілмеген қаржы қаражаты үш жыл өткеннен кейін қордың қарамағына есептеледі және қоғамдық қоры қайта сұрата алмайды", - делінген құжатта.
Құжатты Ашық НҚА сайтында 30 қаңтарға дейін талқылауға болады.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 11 қаңтарда Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елде өте бай компаниялар тобы және халықаралық өлшеммен алғанда өте бай адамдар пайда болғанын айтып, азаматтарға көмектесетін "Қазақстан халқына" қоғамдық қорын құруды тапсырған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан