“Самұрық-Қазына“ және ҚТЖ басшылары ұсталуы: Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді

Ұлттық компания басшыларының ұсталуы: Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді
13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтеді. Көлік-логистика саласын дамытуға арналған жиында ұлттық компания басшыларының ұсталуына қатысты мәселе де қаралады, деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Telegram арнасында мәлімдеді.

«Жиын барысында Президент "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталуына байланысты мемлекеттің позициясын жеткізеді», – делінген хабарламада.

Отырыста «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау мен ұлттық компания жетекшілерінің жеке жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ стратегиялық маңызды кәсіпорындардың жұмысындағы заңдылық пен ашықтық мәселелері талқыланады.

Еске салайық, 12 қараша күні таңертең әлеуметтік желілерде тараған видеолардан кейін «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Сол кезде қор өкілдері уәкілетті органдардың ресми мәліметін күтетінін айтып, түсініктеме бермеген.

Кейін ҰҚК Нұрлан Жақыповтың, ҚТЖ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің және өзге де тұлғалардың 11 қарашада ұсталғанын хабарлады. Оларды ұстау шарасын комитеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізген.

ҰҚК мәліметінше, аталған адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Ведомство тергеу құпиясына байланысты істің егжей-тегжейін және Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша тергеліп жатқанын жарияламады.