"Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының әрбір мүшесі орташа есептегенде 57 миллион теңгеден сыйақы алған. Ал жалпы есептегенде басқарманың барлық мүшесінің сыйақысы 345,468 миллион теңге болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы KASE биржасында жария етілді.
Бұл сыйақының 2014 жылы берілгені нақтыланып отыр. "Облигациялары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде бар "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ (Астана) KASE қор биржасына атқарушы органның мүшелерінің 2014 жылы 345468000 теңге көлемінде сыйақы алғанын хабарлады", - делінген хабарламада. "Самұрық-Қазына" АҚ ресми сайтының мәліметіне қарағанда, басқарма құрамында алты адам бар. Олар төраға Өмірзақ Шөкеев, оның орынбасарлары Елена Бахмұтова мен Дәурен Ердебай, қаржы директоры Нұрлан Рахметов, құқық мәселелері жөніндегі бас директоры Талғат Сәрсенбаев және бизнесті дамыту жөніндегі бас директор Берік Бейсенғалиев.