Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті Ресей Федерациясынан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу барысында күдікті құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы жалған шарттар жасасып, аффилирленген компаниялар арқылы ақша аудару жолымен "Самұрық-Энерго" АҚ-ның еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.
Бұл қаражат Ақмола облысында жел электр станциясын салуға арналған. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
"Биыл ақпанда ол Ресей Федерациясы аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша оны экстрадициялау туралы шешім қабылданды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!