“Самұрық-Энерго“ компаниясына жаңа басшы тағайындалды

"Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының шешімімен Аңсар Айдаров "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жаңа басшыны компания ұжымына таныстырып, жұмыс кеңесін өткізді. Кездесу барысында ол негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін қатаң сақтау және электр станцияларын уақтылы іске қосу қажет екенін мәлімдеді.

Аңсар Айдаров туралы не белгілі?

Аңсар Айдаров "Самұрық-Қазына" компаниялар тобында 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін ол "Энергия Семиречья" ЖШС бас директоры, "Самұрық-Энерго" АҚ Жобалық кеңсесінің басшысы және инвестициялар жөніндегі бас директоры қызметтерін атқарған.

Еске салайық, 28 қазанда Қайрат Мақсұтов "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылған болатын. Үкімет бұл шешімді компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқыны көңіл көншітпейтінімен, сондай-ақ, жаңа электр өндіру қуаттарын салу және пайдалануға беру мерзімдері сақталуын бақылау жеткіліксіздігімен байланысты деп түсіндірді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!