- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Самокат айдайтындар қандай...
Самокат айдайтындар қандай ережелерді білуі керек?
Елімізде электрсамокаттарға қатысты жаңа заң қабылданды. Көлік құралының бұл түріне қандай шектеу қойылады, қандай өзгерістер бар деген сұрақтарға ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Электрсамокат – екі немесе үш дөңгелекті, бір адамның қозғалуына арналған орындығы жоқ көлік құралы. Электрсамокатпен қай жерде және қай жастан бастап жүруге болады?
– Қабылданған жаңа заңға сәйкес электрсамокат веложолда, веложолақтарда, 25 км/сағат жылдамдықпен жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда қозғала алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі керек. Сонымен қатар, электрсамокатпен көлікке арналған жолмен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек.
Электрсамокат жүргізушілері "шлем" киюге міндетті ме?
– Иә, мопед, электрсамокат және велосипед жүргізушілері жолдың жүріс бөлігінде жүргенде ғана бекітілген шлемді киюі керек.
Электрсамокат жүргізушілеріне бақылау қалай жүргізіледі? Жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін оларға қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Айта кету керек, кикшеринг компаниялары жаяу жүргіншілер мен саябақтардың белгілі бір жерлерінде электрсамокат жылдамдығын шектейді. Орнатылған GPS-сенсордың арқасында мұндай аймақтарға кіру кезінде жылдамдықты шектеу автомат түрде қосылады. Жауапкершілікке келсек… Қазір оларды жолаушылар мен жүктерді тасымалдау (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 593-бабы, 5 АЕК көлемінде айыппұл салу), сондай-ақ, жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 620-бабы, ескерту немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл салу) жауапкершілікке тартуға болады.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған электркреслолар шағын электркөліктерге жата ма?
– Жоқ. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған креслолар шағын электркөліктер санатына кірмейді, себебі адамдардың қозғалуына арналған құрал болып табылады. Сонымен қатар, шағын электркөліктерді пайдаланушыларға қойылатын жеке талаптарды мүмкіндігі шектеулі адамдар орындай алмайды. Мысалы, жолды кесіп өткенде креслодан түсіп, жетектеп өту деген сияқты талапты орындай алмайды.
Неліктен "жаяу жүргінші" ұғымына өзгерістер енгізіліп жатыр?
– "Жаяу жүргінші" түсінігі электрсамокат пен шағын электр көліктерін жетектеп жүруге қатысты заң талаптарына сәйкес реттеліп жатыр. Осы түзетуге байланысты бұл көліктерден түсіп жетектеген кезде олардың жүргізушілері жаяу жүргіншілерге теңестіріледі.
Электрсамокаттар ішкі істер органдарында тіркеле ме?
– Жоқ, тіркелетін автокөлік құралдарының тізбесі Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде белгіленген. Электросамокат бұл тізімге кірмейді.
Электрсамокаттардың максималды жылдамдығы 25 км/сағаттан артық болса, ол қай көлік түріне жатады?
– Бұл жағдайда электрсамокат "мопед" ұғымына түседі. Бұл ретте қазір максималды конструктивті жылдамдығы 50 км/сағаттан асатын электрсамокаттардың импортын шектеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, себебі мұндай көлік қауіпті, тұрақсыз және одан жарақат алу қаупі жоғары.
Мопедтердің, электрсамокаттардың және велосипедтердің жүргізушілеріне басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуге арналған жарық шағылыстыратын затсыз жүруге тыйым салынады. Бұл қандай заттар және талаптарын түсіндіріп кетсеңіз.
– Бұл талапқа сәйкес сізде кез келген жарық қайтарғыш элементі бар зат болуы керек. Ол кез келген киім болуы мүмкін: күртеше, қалпақ, жилет, аяқкиім, рюкзак, сөмке және арнайы жарық қайтарғыш ленталар. Бұл заттардың көрінуін қамтамасыз ету қиын емес. Жүргізушіге жан-жағынан көрінуі үшін оларды киімдердің үстіне кию керек.
Электрсамокатты басқарушыларды "жүргізуші" деп атайтынын ескерсек, олар басқа жүргізушілер сияқты мас күйінде көлік тізгіндегені үшін жауапкершілікке тартыла ма?
- Электрсамокат автокөлік құралы емес және тіркелмейтіндіктен, оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабында көзделген жауапкершілік қолданылмайды. Электрсамокатты мас күйінде жүргізгені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Еске салайық, бұған дейін электрсамокат тебетіндерге қатысты жаңа шектеулер енгізілетіні хабарланған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова