Кеше, 22 маусымда Сенат депутаттары "Кейбір заңнамалық актілерге жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдаған болатын. Осыған сәйкес электрсамокаттарды реттеу мәселесі шешіледі. Самокат айдаушыларға қатысты енді қандай өзгерістер болады? Massaget.kz тілшісі түсіндіреді.
Заң жобасын сенатор Евгений Болгерт таныстырды. Оның сөзінше, заңның негізгі мақсаты қолданыстағы құқықтық оқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, сондай-ақ, электрсамокаттарын пайдалану мәселелерін заңнамалық реттеу.
Енді осы заңға сәйкес:
"Шағын электр көлігі құралы" ұғымы енгізіледі. Онда оның техникалық сипаттамалары көрсетіледі және пайдалану тәртібі құқықтық регламенттеледі және жүргізушілер үшін тыйым салулардың тізбесі белгіленеді.
"Электрсамокат" ұғымы енгізіледі. Ол ең жоғары конструктив жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін орындар айқындалады, сондай-ақ, олардың жүргізушілеріне тыйым салулар енгізіледі.
Заң жобасы бойынша негізгі өзгерістер:
Енді электрсамокат жүргізушілері екі бап бойынша: Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593-бабы, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін айыппұл, бұл - 620-бап, оған барлық басқа құқық бұзушылықтар да кіреді, 5 АЕК айыппұл.
Сенатор Евгений Болгерттің сөзінше, электрсамокаттар айдаушылар велосипед жолымен жүруі керек. Егер велосипедке арналған жол жоқ болған жағдайда негізгі жолдың оң жақ шетімен жол ережесін сақтай отырып жүру керек. Ол үшін электрсамокат айдаушының жасы 18-ге толған болуы қажет.
Тағы бір маңыздысы - самокат айдаушы шлем тағып, түнде жанып тұратын киіммен жүріп, кез келген категориялы көлік жүргізу құқығы болуы қажет.
Егер электрсамокат иесі тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүретін болса жылдамдықты сағатына 6 шақырымға төмендетуі керек.
Сонымен қатар, мопед, велосипед, шағын электр көлік құралдарының иелеріне де шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, 18 жасқа толуы керек, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігінің болуы қажет, түймеленген дулығаның (шлем-еск.) болуы, ал тәуліктің қараңғы уақытында қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін жарық шағылыстыратын киіммен жүруі қажет.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс электрсамокатқа қатысты заң жобасын мақұлдаған болатын. Жобаға сәйкес, самокаттар көлік құралы ретінде танылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!