- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Самат Әбіштің үйінің...
Самат Әбіштің үйінің алдына қарауыл қойылмайды - Бас прокуратура
Бүгін Мәжіліс отырысына келген Бас Прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке Самат Әбішке қатысты сұрақ қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әсет Қазақбайұлының айтуынша, Самат Әбіштің қылмыстық ісіне байланысты қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
"Қылмыстық процестік кодекстің талабына сәйкес, тергеу деректерін жариялануға болмайды. Сол үшін қазіргі таңда беретін ақпарат осы. Өйткені бұған байланысты Бас прокуратура ақпарат берді. Самат Әбіш сыртқа шықпау туралы қолхатпен елде жүр. Елден кетпеу туралы қолхат жазған адамның үйінің алдында арнайы қарауыл қойылмайды. Тергеуші шақырған кезде үйінен келеді. Өзі қорғаушылар мен және басқа да тұлғалармен кездесе алады. Ал арнайы қарауыл үйқамаққа алынған кезде қойылады. Ал құқықтық статусына қатысты ешқандай ақпаратым жоқ", - дейді Әсет Шындалиев.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш қаңтар көтерілісінен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары қызметінен кеткен болатын. Аталған комитетті басқарған Кәрім Мәсімов пен оның бірнеше орынбасары түрмеге қамалған кезде, Самат Сатыбалдыұлына қатысты ешқандай іс қозғалған жоқ.
Еске салайық, 19 қыркүйекте Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты соталды тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты Қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу құпия құжаттаманың едәуір көлемін зерделеумен байланысты.
Серік Құдайбергенұлы
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина