Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде сотталды - дереккөз

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде сотталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, үкім 26 ақпанда шыққан.

"26 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталды. "Оның генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынды. Бірақ меншік-мүлкіне конфискация жасалмады" деп хабарлады "ДАТ"-тың инсайдерлік ақпарат көзі", - деп жазды Бапи.

Депутаттың пікірінше, әлдекімдер Әбішті түрме жазасынан алып қалып отыр.

"Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда ешкім 8 жылға шартты түрде сотталмаған. Соған қарағанда, мүдделі біреулер "8 жыл" деген едәуір жазамен қоғамды алдарқатып, ал шындығында Самат Әбішті түрме жазасынан алып қалған. Қаңтар оқиғасына бірден-бір кінәлі күштік құрылымның жоғары дәрежелі лауазымгері осылайша тиісті жазадан құтылды. Әлбетте, бұл "комедияның" басты режиссері Нұрсұлтан Назарбаев екені тайға таңба басқандай аян жағдай. Ең қиыны - бұл Әділетті Қазақстан құру бастамасын алға қойған қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделіне белгілі бір деңгейде нұқсан келтіріп, халықтың онсыз да төмен билікке деген сеніміне тағы бір үлкен сызат түсіргелі тұр. Жағдай осылай жалғаса берсе, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қайғылы оқиға - Қаңтар қасіретін ұйымдастырған қылмыскерлер түк болмағандай, Самат сияқты сайран салып, тайраң қағып, меншік-мүліктері де тәркіленбей, емін-еркін жүре беретін болса, керісінше, ешнәрсені бүлдірмеген, ешқандай қылмысы жоқ қоғам белсенділері жазықсыз қудаланып, нақты жазаға тартыла беретін болса, онда жаңа Қазақстанның таңы жақын жылдарда ата қоймайтыны анық. Бұл қазақ қоғамын әбден ызаландырып, халықтық көтеріліске соқтыруы бек мүмкін! Отыз жыл бойы әлаулайым таусылса, хәлаулайым бар деген бітпес ертегіге алданып келген халық енді отыз күн алдауға да көне қоймас!" - деп жазды Ермұрат Бапи.

Айта кетейік, Самат Әбіштің үстінен Қылмыстық кодексі 362-бабы 4-бөлігі бойынша ("Билікті немесе лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану") қылмыстық іс қозғалған болатын.

Еске салайық, бұған дейін бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш Қазақстаннан кетпегенін мәлімдеген еді. 

Самат Әбіш 2022 жылғы қаңтарға дейін ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз