Салықты бір батырмамен есептеу: Қазақстанда жаңа жүйе іске қосылмақ

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері кәсіпкерлермен және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелерімен кездесті. Жиында Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында айтылған міндеттерге сәйкес, салық және кеден саласындағы жұмыстарды жетілдіру мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Жолдауында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және жаңа технологиялардың көмегімен салық пен кеден рәсімдерін жеңілдету қажетін атап өткен еді. Кездесуде осы мәселелерге ерекше назар аударылды.

Жиынға қатысушылар салық төлеу мен кедендік рәсімдерден өтуді кәсіпкерлер үшін барынша түсінікті әрі ыңғайлы етудің жолдарын қарастырды. Сондай-ақ жаңа цифрлық қызметтер бизнестің күнделікті жұмысын қалай жеңілдете алатынын талқылады.

Комитет алдағы уақытта мемлекеттік қызметтерді цифрландыру арқылы артық қағазбастылықты азайтып, әкімшілік кедергілерді жоюды көздеп отыр. Негізгі мақсат - азаматтар мен кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді пайдалануды жеңілдету.

Дөңгелек үстелде салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер, салық төлеу мен кедендік рәсімдерге қатысты өзекті мәселелер, ақпараттық жүйелер мен цифрлық қызметтерді дамыту, сондай-ақ, мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты нығайту жайы сөз болды.

"Комитет өкілдері қазір қолданыстағы цифрлық қызметтерді таныстырып, салық және кеден саласындағы жұмысты жетілдіру жоспарларын бөлісті. Сондай-ақ, жыл аяғына дейін іске қосылатын жаңа қызметтер туралы айтты. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге еңбекақы қорынан төленетін салықтар мен міндетті төлемдерді бір батырманы басу арқылы есептеуге мүмкіндік беретін жаңа жүйе көрсетілді. Бұл әсіресе шағын бизнес өкілдерінің салық есептеу жұмысын едәуір жеңілдетеді", — делінген жарияланымда.

Комитеттің пікірінше, кәсіпкерлермен ашық пікір алмасу мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ол үшін салық талаптары түсінікті, рәсімдер алдын ала белгілі, ал салық төлеушілерге көрсетілетін көмек уақтылы болуы қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметті электрон жүйеге көшірумен шектелмей, оны пайдалану тәртібін де жеңілдету маңызды.

"Дөңгелек үстелге қатысушылар айтқан ұсыныстар зерделеніп, әкімшілік рәсімдер мен цифрлық сервистерді жетілдіру бойынша алдағы жұмыстарда ескерілетін болады", - деп толықтырды Комитеттегілер.

Кездесу қорытындысында кәсіпкерлердің қатысуымен Іскерлік кеңес құру туралы шешім қабылданды. Кеңес мемлекет пен бизнес өкілдері тұрақты байланыс орнатып, туындаған мәселелерді бірге талқылайтын алаң болмақ. Сондай-ақ, мұнда салық және кеден саласындағы жұмысты одан әрі жақсартуға арналған ортақ ұсыныстар әзірленеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!