"Салықты 3-4 есе көп төледік". Таза балдан табиғи сусын дайындайтын Қазақстандағы жалғыз зауыт неге жабылды?

Таза балдан табиғи сусын жасайтын Өскемендегі, жалпы Қазақстандағы жалғыз мекеме "Медовая марка" зауыты бірнеше күн бұрын өз жұмысын тоқтатты. Мекеме иесінің айтуынша, бұған еліміздегі салықтың тым көптігі, отандық өнімге деген сұраныстың тапшылығы мен мемлекет тарапынан қандай да көмектің болмауы себепші болған. Өндіруші компания 5 жылдан астам уақыт бойы аяққа тұруға тырысқанымен, ақыр соңы жабылуына тура келіпті. "Шамамыз жеткенше бүгінге дейін кәсібімізді дөңгелетуге тырыстық" деген бал зауытының иесі, кәсіпкер Алмас Таңғұтұлымен Massaget.kz тілшісі тілдесіп көрді.

Бал сусыны - бал негізінде дайындалған иммунитетті нығайтатын сусын, бұл еліміздегі алғашқы және жалғыз сертификатталған бал зауытының өнімі. Зауыт иесі Алмас Таңғұтұлының әкесі де омарташы болған. Бала күнінен таза балды жеп өскеннен болса керек, ересек кезінде де табиғи өнімді тұтыну мақсатында достарымен бірігіп, омарта сатып алыпты. Олар алғашынды бал сусынын тек өздеріне әзірлеп жүрген, кейін көбірек өндіріп, сатылымға шығарамыз деген шешім қабылдаған. 

"Әкем омарташы болған, өзім Өскеменнің тумасымын. Бірақ жұмыс барысымен 20 жылға жуық Астанада тұрдым. Шамамен 7-8 жыл бұрын достарыммен, барлығы 4 адам болып өзіміз үшін деп омарта сатып алдық. Уақыт өтіп, зерттей келе балдан табиғи сусын өндірдік. Сосын сусынды заңдастыруға көштік, заң бойынша "бал сусыны" деген ұғым жоқ болғандықтан, 1,5 жыл бойы жүріп, заңға өзгеріс енгізіп, әйтеуір дегенімізге жеттік. Солай 2018 жылы "Медовая марка" брендімен шығардық", - дейді ол.

Зауыт иесінің ерекше бір ұстанымы бар.

"Біз өзімізге керектің бәрін тек жергілікті өндірушілерден алуымыз керек деген ұстанымымыз бар. Мысалы, бал - өзіміздікі, лимон - Шығыс Қазақстанда лимон өсіретін жылыжайдан, құмыра - Қазақстандағы жалғыз құмыра шығаратын зауыттан, ол Алматыда орналасқан, әрине, сапасы жақсы деп айта алмаймын, себебі бізге келгенде арасында тесігі, сынығы бары көп кездеседі. Біз бұған қарамастан аламыз. Біз алмасақ, кім алады? Біз қолдамасақ, кім қолдайды? Қақпақ, жапсырма - бәрі өзімізден", - дейді Алмас Таңғұтұлы. 

@bizdin_oskemen

Таза балдан табиғи сусын жасайтын Өскемендегі, жалпы Қазақстандағы жалғыз мекеме, ол да жабылып тынды. Иесі Алмас Таңғұтұлының айтуынша, үлкен салық, шектен тыс қадағалау, кредиттің берілмеуі кәсіпкердің еркін жұмыс істеуіне кедергі болған. -Отандық өнімге деген қолдау бар ма өзі, әлде бәрі қағаз жүзінде ғана ма? дейді кәсіпкер. Бұған дейін ол таза балдан шарап және түрлі сусындар жасап келген.

♬ оригинальный звук - Біздің Өскемен

"Өз жерімізде тіпті тізеге тұра алмай жатырмыз"

Кәсіпкер өкіметтің отандық өнімді қолдамайтынына ренжулі, оның айтуынша, көрші жатқан елдерде жергілікті өндірушілерінің мүддесі жоғары деңгейде қорғалған. 

"Сусынды отандық өнім деп шығарғанымызбен, көбінесе экспортқа, яғни Ресей нарығына кіргізіп, сатамыз деп жоспарладық. Себебі Ресей нарығы үлкен, оған қоса бал сусын қазақтарға қарағанда ресейліктерге жақынырақ десем қателеспеймін. Бірақ, өкінішке қарай өнімімізді Ресейде сата алмадық, бізді кіргізбеді, өйткені мемлекет өз өндірушілерінің мүддесін қорғайды. Ресей ғана емес көрші жатқан елдің бәрінде отандық өнім мемлекеттің қорғауында, алайда біздің Қазақстанда мұндай заң жоқ. Мысалы, Беларусь Республикасы дүкендерінің сөрелерінде тұратын өнімнің 85 пайызы отандық болуы керек деген заң бар. Ал Қазақстанда 30 пайыз ғана, оның үстіне бұл бұйрықты адамдар менсінбейді. 30 пайыз деген дүкендегі жергілікті нан, көкөніспен-ақ толады.

Ресейдің нарығына ене алмаған соң, Қазақстанда сатамыз деп шештік. Қазақстанның кез келген дүкеніндегі сөрелерін шетел компаниялары сатып алып қойған, олардың мүмкіндігі көбірек. Себебі, аталмыш кәсіпорындар өз елінде аяғын нық басып тұрғандар. Біз болсақ, өз жерімізде тіпті тізеге тұра алмай жатырмыз", - деді ол.

"Құрамындағы алкоголь пайызы қымыздан аз"

Алмас Таңғұтұлы бал сусынына "халал" сертификатын ала алмағанын да жеткізді, өйткені өнім алкогольдік сусынға жатады. Алайда өнімді дайындау кезінде ешқандай спирт қосылмайды екен, ал ашытқысы арнайы Италиядан әкелінеді. Бұл бал сусынының дайындалу жолы, технологиясы да тура қымызбен бірдей көрінеді. 

"Шындығына келгенде қымыздың өзі табиғи ашытылған сусын ғой, оның құрамында да спирт жоқ. Бал сусыны да тура сол секілді. Біздің сусынның бір кемшілігі ол халал емес, ал қымыз халал. Егер салыстыратын болсақ, қымыздың құрамындағы алкоголь пайызы 14-16 болса, бал сусында 8-12 пайыз ғана, тіпті одан аз деп айта аламын. "Халал" сертификатын алу үшін бірнеше рет ҚМДБ бардым, "қымызды мешітте құясыздар да, ал біз мешіттің жанында неліктен сата алмаймыз?" деп сұрақ қойдым. Олардың айтуларынша, қымыз табиғи, ал бал сусыны табиғи емес екен. Бірақ біздің бал сусынын дайындау жолы тура қымызбен бірдей. Әрине, оған пікірімді білдіре алмаймын, өйткені дін жолы бөлек", - деді кәсіпкер.

Кәсіпкер өнімін мойындату үшін тіпті дүниежүзілік "Duty Free" бажсыз сауда дүкеніне барып, арнайы сараптама тапсырған. Бренд өнім құрамында ешқандай зиян зат болмағанының арқасында бұл зерттеуден сәтті өтіпті. Бұған қарамастан, Қазақстан заңының кейбір тұстарына байланысты өнім әлемге танылу мүмкіндігінен айрылған көрінеді.

"Мемлекеттен халал сертификатын ала алмағандықтан, дүниежүзілік "Duty Free" бажсыз сауда дүкеніне шықтық. Компания өкілдерімен 2 ай келіссөз жүргізіп, оларды көндірдік. Түрлі сараптамадан өткізіп, біздің бал сусынының табиғи өнім екеніне көздері жетті. Сөйтіп бал сусыны әлемге танымал дүниежүзілік брендтердің қатарына қосылатын болып шешілді. Қуанып жүріп, бұл туралы ақпаратты жеткізу үшін Салық комитетіне бардық. Алайда Қазақстан заңына сәйкес, біздің өнімдер "Duty Free" сөрелерінде сатылымда тұра алмайды екен. Себебі, бұл сауда дүкенінің басты талабының бірі - сөрелерінде сатылатын өнімдер акцизсіз болуы шарт. Ал бізде, Қазақстанда өнім цехтан акцизсіз шығуына болмайды. Мұндай заң Қазақстанда ғана бар, басқа ешбір көрші елде жоқ. Осылай үлкен нарыққа шығып, дүниежүзілік брендке айналамыз деген арманымыз жайына қала берді. Бұл да бір заңның кемшілігінің салдары деп ойлаймын", - дейді Алмас Таңғұтұлы.

"Шет ел өнімдірушілері салықты бізге қарағанда 3-4 есе аз төлейді"

Бал сусыны осылай Қазақстан нарығына да толық жайғаса алмапты. Ат басында отырған азаматтар кәсіпкерге мұндай сәтсіздік қалыпты жағдай екенін айтқан. Ал Алмас Таңғұтұлы өкімет халықты алып-сатумен айналысуға өзі итермелеп отыр деп санайды.

"Біз Қазақстанның нарығына шыға алмадық, ат басында отырған азаматтар кәсіпте сәтсіздік қалыпты жағдай екенін айтты. Мысалы, менің де алып-сатумен айналысқым келеді, себебі одан пайда әлдеқайда көбірек. Өкімет халықты алып-сатумен айналысуға ғана итермелеп отыр. Қалай? Мен отандық өнім шығаратын кәсіпкер ретінде сусынның әр құмырасына 640 теңге салық төлеймін, бұдан басқа қаншамасы бар. Енді менде сұрақ. Неге шет елден келетін біздің сусын секілді өнімдер салықты бізге қарағанда 3-4 есе аз төлейді? Неге олар 150 теңге, ал мен 640 теңге төлеймін?", - деп сұрақ қойды ол.

"Шығынымыз 650 миллион теңгеге шықты"

Кәсіпкер зауыт 4 жылда бірде-бір табысқа шақпағанын мойындады.

"2018 жылы ашылғаннан бері біз тек өз қаражатымызды салып отырдық. Өз күнімізді өзіміз көргіміз келді. 4 жылда бір табысқа шықпаған компаниямыз. Бүгінге дейін 4 адамнан 650 миллион теңгеге жуық қаражат кетті. Алғашқы жылы табыс болмағаннан кейін бірден бас тартуға болар еді, бірақ "үмітсіз шайтан" деген, бірнәрсе өзгереді ғой деп сеніп отырдық. Біз кәсіпті бастағанда заман басқа болды, адамдардың жүріп тұрған кәсібін тартып алып жатқан заман еді. Қаңтар оқиғасынан кейін, Жаңа Қазақстанға сендік", - деді ол.

"Ешбір мемлекеттік бағдарламадан несие ала алмадық"

Кәсіпкердің сөзінше, зауыт негізі құрылғалы мемлекеттен көмекке мүлде қаражат алмапты. 

"Біз 4 жыл бойы мемлекеттен бір тиын да сұраған жоқпыз. Былтыр, яғни 2023 жылы күзде ғана өз қаражатымыз біткен соң, несие алайық деп шештік. Жеңілдетілген несие алу үшін "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі және Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өтініш тастадық. Өкінішке қарай, рұқсат берілмеді, олар мұның себебін бал сусыны алкогольге жататынымен байланыстырды. Бірақ біз ауылда орналасқанбыз, омартамыз бар, біз ауылдық өнімді түпкі өнім жасап шығарамыз деп қанша жыл жүрдік. Егер бізге алкогольдік сусын өндіресің деп несие берілмейтін болса, Конституцияда неге зайырлы, демократиялық ел деп жазылған? Онда ислам, дін деген сөз жоқ", - деді ол. 

Жеке қаражаты бітіп, мемлекеттен де несие ала алмағандықтан зауыт иесіне балдан кәмпит дайындау идеясы келген. Тек бұл ойын жүзеге асыру үшін де ақша керек. Сөйтіп кәсіпкер кәмпит өндіруге 5 миллион теңгелік грантқа өтініш тастапты, бірақ мұнда да рұқсат берілмеген.

"Болмаған соң, көніп, амалсыздан кәмпит шығарайықшы деп 5 миллион теңгелік грантқа өтініш тастадық, ол да берілмеді. Ол грантқа қатысу үшін жұмыспен қамту орталығында "бизнес бастау" деген оқу бітіруім керек екен, ал оны оқу үшін мен 3 ай жұмыссыз болуым қажет. Бұл бизнесті дамытуға арналған грант қой, мұндай шарт маған түсініксіз", - деп шағымданды зауыт иесі.

Алмас Таңғұтұлы жергілікті аудан әкімшілігіне ешқандай реніші жоқ екенін жеткізді.

"Олардың қолынан не келсін, олар бізді жәрмеңке секілді түрлі іс-шараға апарып, жетектеуге тырысып, тырмысты. Қолынан келгенінің бәрін істеді. Бірақ олардың шамалары ешнәрсеге жетпейді", - дейді ол.

"Аяққа тұру түгілі, жатқан жерден тізеге тұра алмай отырмыз"

Кәсіпкер өкіметтің отандық өнімді қолдап, қорғамайтынына налыды. Ол сапа жағын салыстыратын болсақ, отандық өнімнен Беларусь мемлекетінің тауарларының сапасы нашар екенін де айтты.

"Өскеменде сыра шығаратын 4 зауыт сатылымда тұр. Бұдан бөлек қаншама зауыт жабылып, сатылып жатыр. Оның орнына еліміздің нарығына көрші мемлекет Ресейден өнім көп кіріп жатыр. Менің ойымша, үкімет бір бағаны ұстап қалғысы келеді, әйтпесе қымбатшылықтан халық көтеріледі. Олар халықты ұстап тұрудың бір ғана жолы - өнімдерді шет елден кіргізу деп түсінеді. Бірақ мұның басқа да жолдары бар ғой, мысалы шет ел өнімдері үшін шекараны жауып немесе елге кірерде акциз салығының бағасын көтеріп, отандық өнімнің аяққа тұруына көмектесуі керек. Бізге 1 жылдың өзі жеткілікті. Қазақстандағы сөрелердің 50 пайызы отандық өнім, оның ішінде жергілікті өнім болуы керек деген заң енетін болса, жоқ дегенде 2 жылдың ішінде қазақстандық өндірушілер аяққа тұрып, өзара бәсекелес болып, бағаны өзіміз-ақ түсіреміз, сапасын жақсартамыз. Бұл не үшін? Coca-Cola секілді Қазақстанда өндірілетін, бірақ түбі, бренді басқа елге тиесілі бренд көп бізде. Отандық өнім ең болмағанда тізерлеп тұруы үшін осы бір ғана заң жеткілікті. Өкінішке қарай бұл қазір мүмкін болмай тұр, аяққа тұру түгілі біз қазір жатқан жерден тізеге тұра алмай отырмыз", - дейді зауыт иесі. 

Сонымен қатар, ол өкіметтің ғана емес, халықтың да қолдауы керек деп санайды.

"Бұл жағдайда не айтарымды да білмеймін. Өкіметті жаман деуге де болмайды. Шындықты айтсаң, өзің жаман боласың, заман сондай. Жәй ғана беттеріне күліп қана отыруымыз керек, бірақ үндемей отыра бере де алмайсың. Бұл мәселенің тағы бір шешімі - халық деп ойлаймын. Халық өзі сана-сезімі оянып, отандық өнімді тұтына бастауы керек, қымбат-арзан, сапалы-сапасы төмен екеніне қарамауы қажет. Халық отандық өнімді алса, ақша мемлекет ішінде қалады. Кешкі асты ішуге дастархан басына отырып, ойланып қарасаң, ыдыс-аяқтан бастап үстел үстіндегі өнімнің 70 пайыздан астамы шет елдік өнім. Бұл бөтен елдің экономикасын көтеріп отырмыз деген сөз. Ал енді отандық өнімді тұтынсақ, тым болмағанда қаражаттың 50 пайызы Қазақстанда қалатын еді", - деп қорытындылады Алмас Таңғұтұлы.

Суреттер кейіпкердің рұқсатымен алынды

Тағы да оқи отырыңыздар: Психолог болу үшін ҰБТ-да таңдау пәні қандай?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!