Салықтан босатылған Назарбаев университеті миллиардтаған бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған

Салықтан босатылған Назарбаев университеті миллиардтаған бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған
Фото: Коллаж: gov.kz, tengrinews.kz

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Назарбаев университетіндегі жүргізілген аудиторлық тексеріс нәтижесімен бөлісті. Төрағаның мәліметінше, университет мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктерге қарамастан, әлі де бюджет қаржысына өмір сүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс кулуарында журналистер Смайыловтан университет атауын өзгертуге деген көзқарасы мен аудиторлық тексеріс нәтижесі туралы сұрады.  

"Біріншіден, Назарбаев университеті әлі күнге дейін республикалық бюджеттің қаражатына тәуелді. Бұл жоғары оқу орнының мәртебесіне, бұрын болмаған дербестігіне, мемлекет тарапынан прецендентсіз көмегіне және салықтан босатылғанына қарамастан, ол әлі де 97% республикалық бюджет тарапынан қаржыландырылып отыр. Стратегиялық құжатта университет республикалық бюджеттен кетіп, жеке қаржыландыру көзіне көшу керек. Алайда бұл жұмыс тиімді жүргізілмей жатыр", - деді Смайылов.

Сондай-ақ жарты млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. 

"Екіншіден, қолданыстағы заңнама университетті қаржылық есепті ұсынуға міндеттемейді. Бұл университет жұмысының ашықтығына кері әсерін тигізеді. Мысалы, біз аудит нәтижесінде университет 73 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау мен қаржыны тиімсіз пайдалану фактілерін анықтадық. Үшіншіден, университеттің негізгі стратегиялық серіктестері тауарлар мен қызметтерді конкурссыз бір көзден беріп отыр. Біздің ойымызша, бұл да тиімсіз, дұрыс емес тәсіл болып саналады. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру да өте төмен, жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан Жоғары аудиторлық палата Үкімет пен Назарбаев университетке өзінің нұсқамалары мен ұсыныстарын берді. Енді біз олардың іске асырылуын бақылаймыз", - деді. 

 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет