Салық реформасы Қазақстанды қалай байытады? Вице-премьер Серік Жұманғаринмен сұқбат

Қосымша құн салығының мөлшері 16 пайыз деп жария етілді. Бұл Үкіметтің соңғы шешімі ме? Салықтан жиналған қаражат бюджет тапшылығын жаба ма? Ауыл шарушылығы салықтан мүлдем босатылса, азық-түлік бағасы арзандай ма? Салықшылар құзіреті қалай күшейтіледі? Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы неге төмендеп кетті? Осы және ел экономикасының ахуалына қатысты сауалдарға Вице-премьер, ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді. Видео нұсқасын Massaget.kz Youtube арнасынан көре аласыздар.

 – Кеше ғана Үкімет отырысында өзіңіз хабарладыңыз, саудаласа келіп 16% тоқтадық па? Бұл соңғы шешім ба?

– Мен сізбен келіспеймін, ешкім ешкіммен саудаласқан жоқ.

– Тырнақша ішінде... (күліп)

– Кеше Үкімет бірінші рет ресми түрде осы салық мөлшерлемесін жариялады. Бұған дейін ресми түрде біз 20% дегенді айтпадық. Өздеріміздің ұсынысымыз, ойымыз болды. Сарапшылармен кездескенде 20% болады деген пікірлер айтылды. Бірақ ресми түрде айтқан жоқпыз. Себебі біз ондай салық деңгейінің мөлшерлемесін жариялау үшін бүкіл бизнес өкілдерімен, сарапшылар және ғалымдармен осы салада істейтін біраз талқылау жүргізілді. Сол себепті 21-желтоқсаннан осы қызметке тұрғанна кейін тек осы жұмыспен айналысамын. Астана мен Алматыда бүкіл бас редакторлар, сарапшылар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен екі-үш кездестік біздер. Аптаның жеті күн 24 сағат байланыстамыз.

Иә, ондай белсенділігіңізді қазір байқадым.

– Ресми түрде біздер екі күн бұрын жарияладық. Бұл деген Үкіметтің қазіргі уақытта соңғы шешімі. Осы шешіммен ертең Мәжіліске барамыз.

Сіз Үкімет отырысында қосымша құн салығынан түсетін қаражат мемлекеттік бюджеттің 25% құрайды деп айттыңыз. Енді осы қосымша құн салығынан жиналатын қаражат көлемі қандай болады? Бюджет тапшылығының орнын толтыра ма?

– Біздің болжамымыз бойынша түсетін қаржы 4-5 трлн теңге. Бюджет тапшылығы 10 трлн теңгеге жуық. Әрине, толтырмайды, жартысын жабады. Бюджет дефицитінің қалған жартысын қарыз алып жабамыз.

20% деп есептеген кездегімен қазіргі 16% арасындағы айырмашылық?

– 20% бен 16% арасында айырмашылық бар. Әрбір бизнестің өз салық жүктемесі бар, оның ішінде әлеуметтік салықтар да кіреді. Қазіргі таңда олар 40%-ға дейін жетіп, бизнеске үлкен ауыртпалық түсіруде. Бұл өнімдердің бағасына, нарықтағы бәсекеге тікелей әсер етеді. Егер ҚҚС 20%-ға дейін көтерілсе, әлеуметтік салықтарды 10%-ға төмендету жоспарланған еді. Алайда, 16%-дық мөлшерлеме енгізілген жағдайда мұндай жеңілдік қарастырылмайды. Алдағы уақытта реформаның келесі кезеңдерінде бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін.

– Қосымша құн салығы үш бағытта болады, олар 16%, 10% сосын 0%. Енді солар туралы сөйлесіп алсақ. Қазақтілді аудитория ауылда тұрады, олар үшін маңыздысы –  азық-түлік бағасы, тамақ сынды базалық қажеттіліктердің бағасы өспейді ма деген сұрақ. Ауыл шаруашылығы осы уақытқа дейін 30% төлеп келіпті.

–  Ауыл шаруашылық секторына бүкіл салықтардың 100%-дан 70% жеңілдік бар, содан қалғаны тек 30%. Енді оларға ешқандай салық болмайды, бәрінен босатылады.

ҚҚС азық-түлік бағасына әсері

Ауыл шаруашылығы саласы салықтан мүлдем босатылған кезде біз Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде азық-түлік арзандайды деп айта аламыз ба?

– Оны нақты айта алмаймын. Тауарларға бағаны арзандату және қалдыру ол бизнесменге байланысты. Себебі қазіргі бағаның деңгейі бар, шығаратын адамдарға ыңғайлы.

Бірақ сіз кеше отырыста арзандауы мүмкін деген болжам айттыңыз ғой.

– Дұрыс айтасыз, болжам бар. Неге азық-түлік, неге ауыл шаруашылық секторын босатамыз? Себебі ол нарық ерекше. Азық түлік нарығын тұтынушы алмастыра алмайды, мысалы, костюм шалбар бағасын отандық өндіруші көтеріп тастаса, қазақстандықтар Түркия немесе Қытайдан ала алады. азық түлікті басқа жерден ала алмайды, тек осы нарықтан алады және осы нарыққа тәуелді. Нарық өзін өзі толық қамтып отырған жоқ, балық, шұжық өнімдері әлі де импортқа тәуелді. Бірақ бұл қажеттілікті екі үш жылда жабамыз.

Қазіргі уақытта Қазақстан өзін азық-түлікпен толық қамтып отыр деп айта аламыз ба?

–  Толық қамтамасыз етіп отыр деп мен айта алмаймын. Себебі төрт-бес позиция бар. Ірімшік, балық, шұжық өнімдері импортқа тәуелдіміз. Бірақ оны екі-үш жылда жабамыз. Азық-түлік тауарларға көзқарасымыз ерекеш.  Қазіргі таңда сүт өндірумен айналысатын фермерлерді қаржыландыру басталған. «Президент тапсырмасымен солтүстік өңірдің тәжірибесі деп айтамыз, 2,5% фермерлерге қаражат бөліп жатырмыз. Сүт өндіретін фермалардан бастадық, өзімізді сүтпен толығымен қамтамасыз ету керек. Сүт өңдеу – ірімшік, айран шығару деген жұмыстарды бітіреміз. Балық шаруашылығы да бар, бірақ қазақтар балықты көп тұтынбайды. Бірақ ол денсаулыққа өте пайдалы ет түрі. Тауық етімен келесі жылдан бастап өзімізді өзіміз толықтай қамтамасыз ете аламыз, арғы жылы экспортқа шығамыз.

Үш-төрт жылдың шамасы ғой бұл реформалар?

–Иә, үш-төрт жылда осы салалардағы импортқа тәуелділікті жоямыз. Осы реформа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына ешқандай әсер етпейді. Басқа салаларға қатысты қазір талқылау жүріп жатыр. Бүкіл медицина саласында біздің ұсынысымыз – 10%, баспанаға – 12% деп жазған. Кейбіреулер тіпті босату керек деген пікір айтып жатыр. Қазір Парламентте бұл реформаға дейін енгізілген түзетулермен заң жобасы жатыр. ҚҚС жүктемесі банктерге де бар, ойын-сауық саласына 25-30% дейін КПМ деген салық бар. Шамалы салық комитетінің құзыретін күшейтуге арналған өзгерістер бар. Бірақ адамдарға қазір ең қызығы – қосымша құн салығы.

ҚҚС тікелей біздің қалтамызға әсер ететін болғандықтан, бәрінің алаңдаушылығы бар деп есептеймін. Осы бағытта сіздер де тек денсаулық саласымен шектеле ма?

– Оны ертең депутаттармен, сарапшылармен талқылаймыз. Қазір есеп жүргізіп, ертең реформаға қалай әсер ететінін зерттеп жатырмыз. Себебі оны есептеу де керек, ол деген оңай емес. Біреу төлемейді, екіншісі 10% төлесе, үшіншісі 16% төлейді. Оны ертең әкімшілендіру өте қиын. Екіншіден, ертең тапқан табыстарымызға, бюджеттегі кірістерімізге қалай әсер ететінін де есептеуіміз керек. Оның импорты, экспорты бар. Отандық өндірушілер ертең бәсекелестікке импортпен қалай тұратынын есептеу керек. Бізде арнайы топ бар, қазір Қазақстанның салық саласында жұмыс істеп жүрген сарапшылар мен ғалымдар бізге көмектесіп жатыр.

Салық мамандарына берілетін жаңа құзырет 

Жаңа бір сөзіңізде салықшылардың құзыреттерін арттырамыз деп айтып қалдыңыз. Құзыреттері қай жағынан артады? Онсызда салықшылардан бизнес қорқады, оны заңсыз пайдаланып отыр деген сияқты. Оны болдырмау үшін не істейсіздер және оның құзыреттері қандай?

– Құзыреттері шектеулі болады. Тек осы салықты жинау үшін толығымен тек осы деңгейде тұрсын. Қосымша бір үлкен мүмкіншілік бермейміз. Сыни пікірлер де, қалай осы жағдайға келгенімізде есімізде.

Сізді дұрыс түсінсем, қызмет көрсету деңгейіне келеді.

– Қазір Парламентте жатқан Салық кодексінің жобасында оның негізгі идеясы – салықты өзгерістер емес, қосымша басқа идеясы бар. Салық комитеті біріншіден бизнестерге қызмет көрсетуі керек. Ол деген идея, қалай болатыны Үкіметке емес бизнеске байланысты.

Тіркеу шегін 78 миллионнан 15 миллионға дейін төмендетуді ұсынып жатырсыздар. Қалай ойлайсыз егер реформа осы күйінде жүзеге асатын болса, ары қарай бөлшектенбейді деп ойлайсыз ба? Көлеңкелі бизнес тарапына жол беретін құйтырқы әрекеттерді қалай қадағалайсыздар?

– Бұл өте маңызды сұрақ. Себебі қазіргі уақытта шектеулі жоғары деңгей өте жоғары. 78 миллион деген 160 мың АҚШ долларына жуық. Ондай деңгей әлемде ешкімде жоқ. Қосымша керек емес либерализация жасады. Себебі оның арқасында бизнес ұсақталып кетті. Біздің салық жүйеміздің бірінші қағидасы - ол бизнес істейтін салада әділеттік болуы керек. Сесбебі қазіргі уақытта шын жұмыс істеп жатқан бизнесмен, бүкіл салықты үкіметке төлеп жатыр. Ол қарайды, қасында бәсекелестікте жүрген басқа бизнесмендер ұсақталып салықтарды төлемейді. Ол да соның ізін қуады. Біздерде қазір 2 100 000 жуық бизнес ұйымдары бар. Оның ішінен 137 мыңы ҚҚС салығын төлеуі керек. Төлейтіні тек 88 мың. Ол деген бүкіл бизнеске есептегенде тек 4 пайыз. Сіз басында атап айтып кеттіңіз, тек 20-24 пайыз деп, ол бүкіл үкіметтің кірісне есептегенде өте аз. Минимум 40 пайыз болуы керек. Сол себепті қазір біздерде бюджеттің тапшылығы 10 миллионға жуық. Неге 15 деп қойдық? Былай есептегенде 12-ге бөлсең, 15 миллионды айына 1 200 000 болады. Ол қарапайым бизнесмен, базарда сауда-саттықта, өзін асырап жүрген адамдар. Қазір бүкіл бинестің 80 пайызы осы деңгейден аспайды. Сол себепті оларға ешқандай әсер етпейді. Біздің реформамыз ұсақталып кеткен бизнесмендерге бағытталған.

Екінші мәселе өздеріңіз білесіз бөлшек саудада төлейтін салық бар. Арнайы салық режимі. Ол ең танымалы, бинеске өте оңайы. Сол себепті онда да өзгерістер болады. Бұрын бөлшек нарықта төлейтін салық өте қолайлы, 4 пайызын төлейсің. Жергілікті әкімшілік оны азайтуы мүмкін. Мысалы, 2 пайызға дейін. Бірақ оның өзінің мәнін өзгерткен. Біздің ойымызша 40 бағыттан аспауы керек. Қазіргі уақытта 364-ке дейін өсіп кеткен. Тіпті ішінде өндіріс те бар, логистика бар, басқалары да бар. Шын бизнес жасайтын, ешқандай бөлшек саудаға қатынасы жоқ. Сол себептен біздер оны алып тастаймыз, азайтамыз. Бірақ қалғандары өзгермейді. Біздерге көп сұрақтар келіп жатыр, қалай болады деген. Базарда сауда жасап жатқан, қонақүй ұстайтын адамдар бар, мейрамханада жұмыс істеп жүрген адамдар бар, дүңгіршекте сауда жасап жатқан қарапайым адамдарға ештеңе өзгермейді. Ол тек артық берген бизнес өкілдеріне арналған, оларды қайта дұрыс режимге қайтару. Басқа ешқандай мақсаттарымыз жоқ. Ол үш өте маңызды өзгеріс, қалғандары ешкімге қызық емес.

Қазақстандағы салық төлеу мәдениеті

Түсінікті. Өзіңіз байқадыңыз, сіздердің ұсыныс жаңалықтарға шыққаннан бері қоғам қызу талқыға алды. Осы кезде, сіз айтпақшы, базардан бастап әлеуметтік желі, барлық жерде осы талқыланып жатыр. Мұндай реакцияның себебі не? Неліктен бізде салық төлеу мәдениеті қалыптаспаған.

– Өзімнің ойым бар бұл туралы. 1995-те бір реформа жасалған. Бұрын қосымша құн салығының мөлшерлемесі 20 пайыз болған. 1995 жылдан бастап 2009 жылға дейін 20 пайыздан 12 пайызға дейін төмендетті. Істеген әрине дұрыс. Себебі салықты төмендетсең ол бизнестің өсуіне әсер етеді. Ол кезде керек болған шығар. Бірақ әлемнің тәжірибесі бойынша, ондай реформа жасасаң ешқандай қосымша жеңілдіктер беруге болмайды. Ал біздер қосымша либерализация жасадық. 78 миллионға дейін қосымша құн салығын төлемейсің. Сосын бағыттарды өсірді, бизнесті қолдаймыз деп. Сосын жаңа сіз айтақандай, Салық комитетінің құзіретін азайтты. Мысалы қазір, ешқандай мүмкіншілігі жоқ олардың, көлеңкелі бизнеспен күресуге. Ешқайда шыға алмайды. Қазір прокуратураның сүзгісі бар, тексеруге шығу үшін рұқсат сұрау керек. Соның бәрі әсер етті. Сонықтан ешкім салық төлемеуден қорықпайды. Мысалы, әлемде салық төлемесең ол деген - қылмыс.

Әлем елдерін қарап, тәжірибелерін қарап отырсаң, кейбір елдерде 56 пайызға дейін, ҚҚС бізден бірнеше есе көп. Бірақ ол ердердің экономикасы тұрақты. Біз неге сондай күнге жете алмаймыз. Салық мәдениеті қалыптаспайды, әлде халықта билікке деген сенім жоқ па. Салықтан түскен ақша артынан талан-таражға түседі деген сияқты. Қазір соңғы оқиғаларға байланысты, өзіңіз білесіз, қаншама қаражат шетелден елге қайтып жатыр. Сенім арта алмай отыр ма халық?

– Қоғамның ішінде үлкен бір шартқа қол қоюымыз керек. Үкімет бизнестің жағдайын ойлайды, нақты экономиканы қолдайды, бизнестің құқығын қорғайды, оған ешкім тиісе алмайды, ал бизнес салығын төлек керек. Ертең үкіметтің әл-ауқаты қарапайым халықтың әл-ауқатының дамуына әсер етуі керек. Басқа жол жоқ. Басқа мәселе, қазір біз мықты әлеуметтік бағытқа кеттік, республикалық бюджеттің 37 пайызы әлеуметтік салаға кетеді. Ал бүкіл бюджетімізді қарасақ республика мен өңірлердің 50 пайыздан астамы, тағы 30 пайыз өңірлерге кетеді, оның да ішінде әлеуметтік мәселеллер өте көп. Ал біздің даму бюджетіміз 8 пайыз, келесі жылыға 6 пайыз. Қандай даму болады. Жаңа сіз атап өткен мемлекеттер, олардың мақсаттары бөлек. Скандинавия мемлекеттері, олардың алдына қойған мақсаттары даму емес. Олардың мақсаттары халықтың бүкіл әлеуметтік жағдайын толығымен қамтамасыз ету. Біздерде алдымызға қойған мақсаттарымыз бөлек қой. Бізде дамыған 30 мемлекеттің арасына кіру. Мемлекетімізді дамыту, халықтың санын өсіру, халықтың әл-ауқатын көтеру. Мақсаттарымыз бөлек болса, қоғамның, бизнестің арасында шарттарымыз да бөлек болуы керек. Жалпы айтқанда реформаның мақсаты сол. Реформаның мақсаты, біріншіден, болашағымызды басқаша ойлағанымызда. Болашағымыз жаңағы айтқандай болмайды. Әрине, ештеңе жасамай, 10 жыл, асықпай, сақтандыру қорынан қаражатты алуға болады, әр жыл 5 миллионнан. Бірақ 32 жылда әрбір балаға тек 8 доллардан болады, 36 жылда қорда қаражат қалмайды.

Осы жерде бюджет тапшылы туралы айта кетейікші. Сіздің ведомствоға сұрау жолдаған кезде, геосаяси жағдайға байланысты шикізатты сыртқа сату қиындады деген сияқты себептер айтылды. Жалпы қазір жағдай қандай? Одан кейін Экономика министрлігі біздің шикізатты Қытай мен Транскаспий дәлізі арқылы сауадаға шығарамыз деді. Бұл жақтан үміт бар ма, шикізатты солай сата аламыз ба? Бюджет тапшылығын тек салықпен емес, басқа жолмен толтыру жолы бар ма?

– Жалпы айтқанда, біздің жағдайымыз жаман емес. Қазір 4 триллион болса да, ішкі жалпы өніммен есептегенде 2,7 пайыз. Ол деген өте аз. Әлемге қарағанда өте аз. Біздің үкіметіміздің қарызға алғаны 23 пайыздан аспайды, ол өте аз. Мысалы, АҚШ-ты алсақ, оларда 130 пайыздан асып кеткен. Бірақ болашақта есептегенде мықты әсер етеді. Біздер өзіміздің ішкі табысымызды, бизнесімізді дамытпасақ, оларға мүмкіндік бермесек ертең біздің тапшылық арта береді. Мысалы, ертең мына Ұлттық қордың қаражаты бітеді. Қарыз алу мүмкіндігіміз бітеді, қарызға ешкім бермейді. Инвестиция болмайды, сосын не істейміз? Біздер бүкіл әлеуметтік саладағы көмегімізді қысқартамыз. Не істесек те соған келеміз. Ол деген біраз мәселе болады. Мүгедектерге көмек, жетім балаларға көмек, әйелдерге, қарттарғы, оны қалай қысқартамыз мысалы.

Ел экономикасындағы инвестиция

Билікте отырған азаматтар тек қана әлеуметтік төлемдерге ауыз салмай, басқа да экономиканы жандандырудың жолдарын іздеу керек қой. Не үшін Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы төмендеп кетті? Бізге не бөгет? Тек салық реформасымен емес, қаражатты инвестициямен де кіргізуге болады ғой?

– Ол дұрыс, дұрыс айтасыз. Бірақ ол біраз мәселеге байланысты. Біріншіден, ол әлемдік тенденция. Себебі қазір сыртта не болып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Мысалы соғыс басталса, Палестинада соғыс, Украинада не болып жатыр. Соғыс басталса, инвестициялар қашады. Дамып жатқан елдерден қашады. Дамыған елдерге қашады. Ол деген заң, инвестицияның заңы. Бірақ оған байланысты да емес. Мысалы, жаңа шикізатты айтыңыз, шикізат деген тұрақты зат емес. Бағасы бүгін жоғары, ертең төмен. Кейбір шикізаттардың құны да кетіп жатыр. Мысалы, Прижді алыңызшы, Парижде келісімшартқа қол қойды, көмірдің уақыты бітті деді, ол экологияға байланысты. Ешкім көмір электростанциясын салып жатқан жоқ. Енді Трамп келді, сол Париж келісімшартынан бас тартты, енді бәрі қайтадан көмірді қуып жүр. Сол себепті жаңағы шикізаттардың болашағы не болатыны белгісіз. Өндірістерді дамыту керек, оны дамыту үшін бүкіл шыққан қаражатты нақты экономикаға салу керек. Бұл реформаның екінші өте маңызды қадамы - шыққан ақшаны даму бюджетке салыңыз. Бизнесті қолдаймыз, даму қорын дамытуымыз керек, инфрақұрылымға, кепілдік беруге, субсидия беруге. Екінші мәселе даму институттарымызды қаражатпен толтыруымыз керек. Үшінші өте маңызды қадам екінші деңгейлі банктердің жолын кесуге болмайды. Себебі, оларды реттейтін агенттік, Ұлттық банк біраз жұмыс істеп жатыр. Банктерді тұтыну секторынан нақты секторға бұрып жатыр. Ал бұл нарыққа үкіметтің арзан ақшасын салсақ, әрине жолдарын кесіп тастаймыз. Содан кейін өз-өзімізді қамтамаыз етсек, тек сонда инфляция деңгейі төмендейді. Онда Ұлттық банктің мөлшерлемесі де төмендейді. Ол да арзан болады. Экономикада бүкіл факторлар байланысты.

Соңғы сұрақ. Экономикаға байланысты. Жаңа биліктің келгеніне 5 жыл болды, Президент айтты 2050 стратегиясын жаңартыңдар деп. Халық елдің қайда бара жатқанын, қай бағытқа кетіп бара жатқанын, қандай жағдайда, қай нүктеде тұрғанымызды және болашақта басымдығы бар экономиканың тараптары туралы ақпаратты білуі тиіс деп ойлаймын. Бәлкім сіздің бағытыңызды білгеннен кейін сіздің алдыңызға идеаясын айтып келетін шығар.

– Мен сізбен келіспеймін. Себебі Президент ең кемінде жылына 3-4 рет халықпен кездеседі. Үлкен кездесулерді айтамын. Жалпы сөйлегенде, кем дегенде ай сайын. Жолдау бар, құрылтай бары, жақында аграрлық форум өтті, үкіметтің кеңейтілген отырыстары бар. Онда айтылатын тек стратегиялық заттар. Сосын біздің ұлттық даму жоспарымыз бар. Оны өздеріңіз ойлаңызшы, қарапайым адамдарға қалай жеткізу керек. Қарапайым адамдарға жеткізу, ол бизнестің дамуы. Ал ішіндегі индикаторлар, ол қарапайым адамдарға қызық па?

Түсінідіріп жеткізіп айтса қызық деп ойлаймын. Ұлттық жоспар деп отырсыз ғой, ол лайықты деңгейде талқыланбады.

– Оның ішінде "Ұлттық қор – балаларға" деген бағдарлама, оны бәрі біледі. Отбасы банк арзандатылған несиелер береді, халық оның бәрін біледі. Басқа да бағдарламалар, оның бәрі стартегия ғой, оны бәрі біледі. Қалғандарын білесіздер, басқа стартегия жоқ. Халықтың әл-ауқатын жақсарту. 2029 жылда біздің жалпы ішкі өніміміз 450 миллион АҚШ долларына жетуіміз керек. Екі есе өсіп.

Ол индикаторлар. Ал экономиканың нақты басымдығы бар бағыттар туралы, дамуға тиіс бағыттар...

– Жайлы мектептер, қазіргі уақытта аулдық елді мекендерде денсаулық сақтау саласын дамыту, әрбір ауданда 20 аурухана салу - оның бәрі стратегия, ол да индикаторлар.  Оны адамдардың барлығы біледі. Мысалы, ауыл шаруашылықты көтеру. Бұл нақты істер. Индикаторларды жаңа айтқандай адамдар түсінбейді.

Cіздің уақытыңыздың тығыздығына байланысты сұқбатты тоқтатуға тура келді. Өкінішті, дегенмен халық біраз сауалына жауабын алды деп ойлаймын. Көкейімде қаншама сауалдар қойылмай қалып бара жатыр. Тағы да бір сұқбат алатын мүмкіндік болады деп ойлаймын. Уақыт тауып келгеніңізге рахмет.

– Cіздерге де рахмет.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!