Қазақстанда жаңа Салық кодексіне түзетулер енгізілуі мүмкін. Бұл ақпаратты премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Вице-премьер барлық ұсыныс қаралып жатқанын, түзетулер жыл соңына қарай қабылдануы мүмкін екенін айтты.
"Белгілі бір мәселелер бойынша қарау және жауап беру мерзімін белгіледік: 3, 5, 10 күн. Осы уақыт ішінде жауап бере алмасақ, бұл мәселе жүйелі сипатқа ие деген сөз. Ол Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобында талқыланатын сұрақтар қоржынына түседі. Бұл - жыл сайын отырыс өткізетін жұмыс тобы. Өзгерістерді биыл жыл соңында көретін шығармыз. Олар келесі жылы күшіне енуі мүмкін. Кейбір тұста Бюджет пен Салық кодекстері арасында сәйкессіздіктер болды", - деді Серік Жұманғарин Мәжілістегі брифинг барысында.
Оның айтуынша, қандай да бір түзетулер болса, олар 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
"Қазір қоғамды дүрліктіріп, бір-екі түзетуді атағым келмейді. Бірақ қажет болса, дүйсенбіде жариялауға дайынмын", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес Салық кодексі бойынша жұртшылық пен бизнес тарапынан түсетін ұсыныстарды жинақтап, мұқият талдау жүргізетіні хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова