Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді Нүкенова мен Бишімбаев қалай танысқанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айтбек Амангелді оның жалғыз қарындасы екенін, екеуі бірге өскенін айтты.
"Сондықтан өте жақсы араласатынбыз, арамызда ешқандай сыр болмайтын. 2022 жылдың тамызында ол маған көңіл бөліп жүрген бір жігіт пайда болғанын айтты. Ол (Бишімбаев) Салтанаттан кеңес алуға жазылуға бірнеше рет тырысқан. Салтанат астрология бойынша ер адамдарға кеңес бермейтін. Сондықтан қабылдаудан бас тартқан. Тіпті бір әйел қабылдауға жазылып, артынан Қуандық келген кез де болған. Яғни ұзақ уақыт бойы кездесе алмай жүрген. Артынан Қуандық Салтанаттың нөмірін тауып алып, жаза бастаған. Салтанат оны да маған көрсетті. Хатта Қуандық "Салтанат, мен туралы асығыс шешім қабылдамаңыз. Танысайық, сөйлесейік. Мен туралы жазылған нәрселерге сенбеңіз. Өзіңіз ойланып, мені қабылдауыңызға жазыңыз" деп жазған", - дейді Айтбек Амангелді.
Салтанаттың ағасы бәрінен хабардар болып отырғанымен Бишімбаевтың әрекеттеріне аса мән бермеген.
"Кейіннен Салтанат Қуандықты ақыры қабылдауына жазғанын білдім. Себебі Қуандық ұзақ уақыт бойы өтініш жасаған. Жалпы Салтанат оны болашақ жары ретінде қарастырмаған. Кейіннен 2022 жылы 29 қыркүйекте Бишімбаев Салтанатты Константин Меладзенің концертіне шақырған. Біздің анамызды да шақырған. Бірақ анамыз бармады. Салтанат құрбысы Аидамен барды", - дейді Салтанаттың ағасы.
Артынша қазан айында Салтанат Бакудегі құрбысына барған. Ағасының сөзінше, ол Бакуде Қуандық Бишімбаевпен бірге барған.
"Салтанат Бишімбаев оның талғамындағы жігіт емес екенін, ортақ әңгімелері жоғын, тіпті астрология бойынша да сәйкес келмейтіндерін айтқан болатын. Бірақ Бакудегі сапардан кейін Салтанаттың Қуандық туралы ойы өзгерді. Қазанның соңында Қуандық Салтанатқа үйленуге ұсыныс жасағанын естідім. Оның инстаграм арқылы білдім. Салтанат ата-анамызбен сөйлесіп, Қуандықты жақтады", - дейді Айтбек Амангелді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз