Сенат Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң мақұлдады. Енді тұрмыста жанжал шығарғандарға жаза күшейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейтінін айтты.
"Қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамада, неке және отбасы туралы заңда ата-аналар қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда ата-ана құқығынан айырылатын нормалар бар. Алайда, ол нормалар жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкелмегені белгілі. Тарихымызда ондай жағдай болған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы заңға қол қойып, күшіне енген жағдайда құжат жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеледі дегенге сенудің ешқандай негізі жоқ. Бұл менің жеке пікірім. Бұл қате және теріс түсіну. Заңда мұндай нормалар жоқ. Сол себепті осы заң ата-аналарды ата-ана құқығынан айыруға арналмағанын нақты әрі анық түсіндіріп, жеткізуіміз керек. Ол әйелдерді қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады", - деді Сенат төрағасы.
Заңгер Әйгерім Құсайынқызы әйел құқығын қамтамасыз етуге арналған екі бапты түсіндіріп берді. Сарапшының айтуынша, халық арасында бұл заң "Салтанат заңы" деп аталып кетті.
"Жалпы, бұл - тұрмыстағы зорлық-зомбылықты криминализациялаған заң. Елімізде әкімшілік құқық бұзушылық кодекісіндегі 78 баптағы "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы халық арасында жиі кездесіп, үнемі дау туатын. Осыған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық болған кезде осы заңдағы шаралар қолданылып келді. Онда 15 айлықтың көрсеткішке айыппұл салу немесе 15 тәулікке басбостандығынан шектеу туралы шара қабылданатын. Дәл осы заңды қылмыстық кодекстің 108 бабы ретінде қайтардық. Енді онда айыппұл 200 АЕК-ке дейін(ескі - шамамен 700 мыңға) айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмыстарға 200 сағатқа дейін тартылады. Сонымен қатар 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ең негізгі өзгеріс осындай", - деді Әйгерім Құсайынқызы.
Заңгер "ұру" деген жаңа бап қосылағанын атап өтті.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ұрып-соғу деген бап болған. Қазіргі таңда ұру деген бап қосылып отыр. Бұл заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық шарасында іске асырылады", - деді заңгер.
Денсаулыққа ауыр зиян келтіргенге де жаза күшейді.
Мәселен, бұрын адамды ұрып-соққаны үшін 10 АЕК айыппұл салынып, 10 тәулікке қамалатын, қазір 25 АЕК-ге және 25 тәулікке жазаланады.
Құсайынова балалар құқығына байланысты өзгерістерге тоқталды.
"Ең негізгі бап - 99 бап "Адам өлтіру" бабы. Заңның үшінші тармағына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларды (еск - 16 жасқа дейін) өлтірген үшін бұрын 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығын айыру жазасы болатын. Бүгінгі таңда аталған заң бойынша өмір бойы басбостандығынан айырылады. Яғни максималды шара қабылданады. Одан бөлек, 16 жасқа толмаған балаларды қоғамдық көліктен күшпен түсіріп жібермеу туралы бап қосылды. Мысалы, балалар автобусқа ақшасын төлемеген жағдайда жүргізуші 16-ға толмаған баланы автобустан түсіріп жібере алмайды. Сонымен қатар жетім балалар тұратын интенат мекемелерінде кез келген уақытта жоспарсыз тексеру жайлы бап қосылды. Қоғам олардың шынайы өмірін кез келген жағдайда көре алуға тиіспіз", -дейді сарапшы.
Ата-аналарға да жауапкершілік қатаңдатылды.
"Ата-аналары балаларына қауіпсіздік шараларын ұйымдастырмағаны үшін 15 АЕК көрсеткіш айыппұл деген салынды. Елімізде баласын қараусыз әрі дәрменсіз жағдайда тастап кететін ата-аналар да кездесті. Енді егер ата-ана баласына қауіпсіз жағдай қалыптастырмаған жағдайда жазаланатын болады.
"Әр аймақта отбасы қолдау орталықтары ашылады. Ондағы мақсат - қиын жағдайдағы отбасылардың мәселесіне көңіл бөлу, алдын алу шарасын жүргізу", - деді Әйгерім Құсайынқызы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!