- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- тұрмыстық зорлық-зомбылық
“Салтанат“ заңы қабылданғаннан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары азайды ма?
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында дағдарыс орталықтарының 2024 жылғы 9 айдағы жұмысының нәтижелері айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дағдарыс орталықтары одағы заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Зүлфия Байсақова осы жылдың сәуір айында заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары көмек сұрай бастағанын атап өтті.
Зүлфия Байсақова құқық қорғау органдары дағдарыс орталықтарымен тиімді қарым-қатынас жасай бастағанын және зорлық-зомбылық жағдайларына жедел ден қоя бастағанын атап өтті, бұл жәбірленушілерге уақытылы көмек пен қорғаныс алуға көмектеседі.
"Ең бастысы, зардап шеккендер мемлекет тарапынан қолдауды сезініп, өз құқықтарын қорғаудың нақты тетігін көрді", - деді ол.
Үкіметтік емес ұйымдар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте де маңызды рөл атқарады. Әлеуметтік кодекстегі соңғы өзгерістерге сәйкес олардың сапасын арттыруға бағытталған қызметтерді лицензиялау процесі басталды.
"Қазір ҮЕҰ өзінің материалдық-техникалық базасын нығайту және оқытудан өтіп жатқан мамандардың біліктілігін арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ лицензия алу процесіне қатысады. Бұл өзгерістер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларын азайтуға және отбасылардағы қауіпсіздіктің жалпы жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз", - деп толықтырды Дағдарыс орталықтары одағы заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы.
Заң қабылданса да, айтарлықтай өзгеріс жоқ
"Жан-Сая" дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова 2023 жылғы статистикаға тоқталды. Аталған кезеңде орталыққа 2657 адам көмек сұрады. Биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 2279 адамды құрады.
"Яғни заңда жауапкершілікті күшейткенімен, қоғамның зорлық-зомбылыққа деген жалпы көзқарасын өзгерту үшін және құқықбұзушылар азаю үшін жүйелі жұмыстар қажет екенін көреміз. Бір мысал айта кетейін, зардап шегушілер мен куәгерлерге үкімет тарапынан көп көмек көрсетіледі. Дегенмен агрессор өзгермей, сол күйінде қалып жатыр. Күшіне енген заңға сәйкес бізде мәжбүрлі психокоррекциялық шаралар өту жазылған, бірақ алты ай өтсе де біз ешқандай өзгеріс көріп жатқан жоқпыз. Сол себепті заңда жазылған нормаларды қолға алып, осы бағытта жұмыс істелсе екен дейміз", - деді ол.
Агрессорлармен жұмыс қажет
"2024 жылдың наурыз айынан бері агрессорлармен жұмыс істейтін пилоттық бағдарлама болды. Біздің психологтар олармен жұмыс істеді. Ішкі істер органдарының учаскелік қызметкерлері де бұл бағдарламаға қатысты. Бағдарлама өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бірақ қазіргі таңда бұл сұрақпен Ішкі істер министрлігі ме, әлде Денсаулық сақтау министрлігі ме деген секілді координациялық сұрақтар әлі белгіленбеген сияқты", - дейді заңгер Гүлшара Сапарова.
Ал Дағдарыс орталықтары одағы заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы агрессорлармен жұмыс істеудің әдістемелік құжаты дайындалып жатқанын айтты.
"Негізінде агрессорлармен жұмыс істейтін ұйымның рөлі анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық орталықпен және Дағдарыс орталықтары одағымен бірігіп, агрессорлармен жұмыс істеудің әдістемелік құжатын әзірлеп жатыр. Агрессордың әрекетін өзгерту маңызды", - деді Зүлфия Байсақова.
Қорытындылай келе, спикерлер дағдарыс орталықтары желісін кеңейту және мәселені тиімді шешу үшін қоғамды тарту қажеттілігіне назар аударды.
Еске салайық, 2024 жылдың сәуір айында Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң мақұлданды. Заң жобасы Мемлекет басшысының зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленгенді. Халық арасында бұл заң "Салтанат заңы" деп аталып кетті. Бұл заң бойынша тұрмыста жанжал шығарғандарға жаза күшейді.
Экс-министр Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталып, сот үкімі бойынша 24 жылға сотталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова