- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Салтанат Нүкенованың өлімі:...
Салтанат Нүкенованың өлімі: жәбірленуші тараптың адвокаты қандай мәлімдеме жасады?
Экс-министр Бишімбаевтың жұбайы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбахова мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Бұқаралық ақпарат құралдарынан Салтанат Нүкенованың ісі бойынша күдіктіге тағы бір айып тағылғаны белгілі. Осы орайда түсіндіріп өткім келеді, өйткені жекеде көп сұрақ келіп жатыр. Қазір іс материалдарымен танысып жатырмыз. Күдікті Қ.Бишімбаевтың әрекеті мына баптар бойынша сараланған:
1) ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 5-тармағы 2-бөлігі (аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру). Бұл бап бойынша 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.
2) ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 1-тармағы, 2-бөлігі (қинау) бойынша төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.
ҚР ҚК 110-бабы, яғни қинау - жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерімен физикалық немесе психикалық азап шектіру. Салтанат тұрмыста болған кезінде бастан өткерген жайттары, туыстары мен жақындарының айтқандары, сараптама қорытындылары тағы бір бапты қосуға негіз болды", - деп жазды ол.
Сонымен қатар, Бишімбаевтың туысының ісі туралы да айтылды.
"Күдіктінің інісіне қатысты. Бұрын жазғанымдай, аса ауыр қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша іс кісі өлтіру туралы негізгі іспен бірге тергелді, қазір ол екі бап бойынша күдікті: 1) ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабы (қылмысты жасыру). 2) ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау). Екі бап бойынша да жаза мерзімі - 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру", - деді адвокат.
Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша тергеу аяқталғаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова