Салтанат кейсі: 2024 жылғы тұрмыстағы шулы зорлық оқиғалары

Салтанат кейсі: 2024 жылғы тұрмыстағы шулы зорлық оқиғалары
Фото: deposithphoto, instagram.com/aitym

Былтыр күйеуінің қолынан қайтыс болған Салтанат Нүкенованың оқиғасы қазақстандықтар есінде. Оның өлімі кейінгі жылдардағы еліміздегі ең атышулы істердің бірі болды. Бұл трагедия тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұрғанын көрсетті. Кейін Сенат "Салтанат заңын" мақұлдады. Нәтижесінде тұрмыста жанжал шығарғандарға жаза күшейді. Алайда "Бишімбаевтар" неге азаймай тұр? Биыл тұрмыстағы зорлық-зомбылық статистикасы қандай? Massaget.kz тілшісі шолу жасады. 

Биыл 17 мамырда Алматыда ер адам әйелін жұрттың көзінше ұрып тастағаны бейнеленген видео тарады. Ер адам әйелге 55 секундта 12 рет қол көтерген. 

Бұл - отбасындағы зорлықтан әйел аман қалған жағдай. Бір қызығы, әйелін аяусыз ұрып тұрған ер адамға жанында тұрғандар араша түспейді. 

Бұдан басқа қандай істер болған еді? 

  • 21 шілдеде Қызылорда облысында ер адам 21 жастағы әйелін ұрып-соғып, кейін қылмыс орнынан бой тасалаған. Салдарынан әйел қайтыс болады. Полиция күдіктінің қамауға алынып, тергеу амалдары жүріп жатқанын айтқан еді. 
  • 1 тамызда Таразда ер адам отбасында болған жанжалдан кейін әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберді. Денесін түгел күйік шалған алты баланың анасы жансақтау бөлімінде жан тапсырды. Кейін ол өзіне-өзі қол жұмсаған. Бұл уақытта ерлі-зайыптының балалары үйде болмаған. 54 жастағы ер адам жуырда ғана түрмеден босатылған. 
  • 3 қазанда Астанада ер адам әйелін ұрып-соғып, денесіне зақым келтіріп, кейін 10-қабаттан секіріп кеткен. Полиция мәліметінше, ерлі-зайыптының арасында жанжал шыққан. Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. 
  • 21 қарашада Ақтауда ер адам қызды дәмхана алдында аяусыз ұрған. Бұл бейнекамераларға түсіп қалды. Онда ер адам қызға қол көтеріп, жерге құлатып, кейін оны сүйреп бара жатқаны көрінеді. Қыздың ерні жыртылып, көзі ісіп, денесі көгерген. Құрбыларының айтуынша, жігіт бірнеше айдан бері қыздың ізінен қалмаған. Кейін ер адамның ұсталып, қамауға алынғаны белгілі болды. 
  • 22 қарашада Алматы облысында ер адам әйелінің жұмысына келіп, оны балғамен ұрған. Ауруханаға түскен әйел жергілікті блогерге оқиға қалай болғанын айтып берді. Жәбірленушінің басы бірнеше жерден тігілген, қолы да сынған. Әйелді әріптестері құтқарып қалған. Ер адам мектепке барып, баласына да зиян келтіруге тырысқан, бірақ мектеп директоры ер адамды оқу орнының ғимаратына кіргізбеген.
  • 29 қарашада Петропавлда да ер адам әйелін ұрып тастаған. Айғай-шуды естіген көрші әйел шығып, оны тоқтатқан. Ер адам 25 тәулік әкімшілік қамауға алынды. СҚО-да ұрып-соғу бойынша 395 қылмыстық іс қозғалды, оның 49-ы сотқа жіберілген.
  • Ақтөбеде ер адам бұрынғы әйелі мен балаларын көшеде ұрып-соққан. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы бойынша іс қозғалып, сот үкімі бойынша ол 45 тәулікке қамауға алынды.

Статистика деректері қандай? 

Бұған дейін ІІМ зорлық-зомбылық статистикасын жариялады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық деректері бойынша полицияға түскен шақыртулар:

  • 2020 жылы - 179 096;
  • 2021 жылы - 155 177;
  • 2022 жылы  - 115 526;
  • 2023 жылы - 99 026;
  • 2024 жылғы 4 айда - 28 189.

Тұрмыстағы қылмыстық құқықбұзушылықтар саны (денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру):

  • 2020 жылы - 1071;
  • 2021 жылы - 1022;
  • 2022 жылы - 935;
  • 2023 жылы - 923.

Қазақстандағы Дағдарыс орталықтары бірлестіктерінің жетекшісі Зүлфия Байсақова қазір елде 19 ұйым тіркеліп, 48 дағдарыс орталығы ашылғанын айтты. "Жан-Сая" дағдарыс орталығын 1 қарашаға дейін 142 әйел мен 285 бала паналаған. 

Ер адам әйелді неге ұрады? 

Танымал коуч Роза Әшірбаева халық арасында кең тараған стереотиптер жайлы айтқан еді. 

"Әйел тілін тартпайды, өзі кінәлі... Еркекті шешесі дұрыс тәрбиелемеген, анасы кінәлі… Үйі мен күйі жоқ болған соң ашуланып ұрады, мемлекет кінәлі… Еркекті алдағаны үшін, әйел өтірікші… Көзіне шөп салғаны үшін, әйел кінәлі… Мас болып ұрады, арақ кінәлі… Еркектің көңілінен шықпағаны үшін, ол нашар әйел…" - деді ол. 

Әйелін өлтіріп, сотталғандардың өкініші қандай?

Әйелдерін өлтіріп, балаларын анадан айырған, ал өздері темір торда отырған ер адамдар өкінішін айтты. Олардың көбі - мас күйде ашуға беріліп, балаларының анасын аяусыз соққыға жыққандар. Ал қазір бұл ісі үшін өкініп отыр. 

"Әйеліммен сол күні ішімдік әсерінен сөзге келіп қалдық. Ашуды жеңе алмай, оған қол көтердім. Соның салдарынан осы жерде отырмын. Балам небәрі екі жаста еді. Қазір ол ата-анамның қолында. Мен абақтыдан шыққанда, балам мектепке барады. Егер уақытты кері қайтара алсам, сол жанжалдың алдын алып, әйеліме ешқашан қол көтермес едім. Бәріне өкінемін. Баламнан кешірім сұрағым келеді. Оның алдында менің кінәм кешірілмейтіндей үлкен", - деді сотталғандардың бірі.

Анықтама: 2024 жылғы сәуірде Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң мақұлданды. Бұл Президенттің зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Халық арасында бұл заң "Салтанат заңы" деп аталып кетті. Бұл заң бойынша тұрмыста жанжал шығарғандарға жаза күшейді. Сондай-ақ әлемде 25 қараша - Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес күні болып бекітілген. 

Еске салайық, бұған дейін заңгер Әйгерім Құсайынқызы әйел құқығын қамтамасыз етуге арналған екі бапты түсіндіріп, "ұру" деген жаңа бап қосылғанын айтқан еді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек