- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Салт-дәстүрімізге шабуыл көбейіп...
"Салт-дәстүрімізге шабуыл көбейіп кетті". Депутат қазақ қоғамына төнген қауіп туралы айтты
Қазақстанда жат дін ағымдарға заң аясын тыйым салу керек. Себебі, салт-дәстүрімізге шабуыл көбейіп кетті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
"Біз, AMANAT партиясы Парламенттегі ең ірі фракция ретінде де, ұлтты бөлетін, арамызға жік салатын теріс әрекеттерді де сала алатынымыз анық. Елді бөлшектеуге жол жоқ. Дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұрамыз – салт-дәстүрімізге деген шабуыл көбейіп жатыр.
Әсіресе, жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улайтын теріс уағыздар, тынысымызды тарылтып, алқымнан алып барады. Бұл ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп! Қасиетті домбырамыздан бастап, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын "харам" деп ата жолынан адастыруға тырысып, тамырымызға балта шабуда. Тіпті, ұлыстың ұлы күні саналатын "Наурыз" мейрамын да қаралаушылар баршылық", - деді Аманжол Әлтай.
Оның айтуынша, қара жамылып, паранжамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарды көргенде көңіл құлазиды.
"Радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының өкінішке толы адасқан өмірі қоғамға сабақ болуға тиіс еді. Бірақ бүгінгі ахуал өткеннің қателігінен сабақ алмағанымызды көрсетеді.
Атаның батасын, әкенің ақылын, ананың өнегесін бойына сіңіре білген сенімі берік намысшыл халық едік, жат ағымдарға көндігіп, уағызшыл болып барамыз. Бірігуге емес бөлінуге, өнегеге емес, өсекке өңешімізді созамыз. Өзіміздің асылымыздан жеріп, өзгенің жасығына үйірміз. Танымымыз тарылып, нанымымыз лайланып, қоғамның түсінігі қырыққа бөлініп жатыр", - деді депутат.
Аманжол Әлтай жат ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынды.
"Ұл-қыздарымызды теріс уағызбен емес, ұлттық тәрбие арқылы жөнге сала аламыз. Ол үшін мемлекеттік деңгейде ұлттық идея қолға алынуы керек. Мемлекет діннен бөлекпіз деп, жат-ағымдардың тайраңдауына жол берілді. Ұлттық құндылықтарымызға, салт-дәстүрімізге шабуылдаушы күштерге "әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа болмады. Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есімізді жия алмай келеміз! Біз мемлекет ретінде араласып, жөнге салатын уақытымыз әлдеқашан келді. Үкімет осыны ойлап нақты қадамдар жасауға тиіс.
Халықты аздыратын осындай шабуылдарға тоқтау, заңмен тыйым салмасақ болмайды. Салт-дәстүрімізбен, төл мәдениетімізбен үйлесім тапқан дәстүрлі дінімізді жат ағымдармен бұзып алмайық!", - деп сөзін түйіндеді ол.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина