Аурудың алдын аламын, денсаулығымды жақсартамын немесе оңай әрі пайдалы салмақ тастаймын деп әлеуметтік желіде аса жарнамаланған дәрумен мен диеталық қоспаларды ішкен көптеген адамның денсаулығы жақсарудың орнына, кері кетіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Соңғы 3 жылда барлық әлеуметтік желіде көптеген биохакер, нутрициолог және медициналық білімі жоқ денсаулық сақтау мамандары пайда болды. Бұл трендтің мақсаты бәрімізге айқын. Жарнамаланған препараттың 10-15 пайыздан астамы өте пайдалы, бірақ 80 пайызы зиян келтіруі мүмкін.
Ең жаманы, адам маманның нұсқаулығынсыз түрлі дәрумен мен диеталық қоспаны өзіне тағайындап, ішкен кезде, шыныменде денсаулыққа үлкен қауіп төнеді дейді мамандар.
Швециядағы Каролинск университетінің ғалымдар тобы онкологиялық аурулардың дамуына түрткі болатын екі дәруменді анықтады.
Ғалымдардың айтуынша, ағзадағы С және Е дәрумендерінің көптігі онкологияның даму қаупін арттырады.
Сарапшылар зерттеудің нәтижесімен The Journal of Clinical Investigation журналында бөлісті. Сондай-ақ, сарапшылар антиоксидантпен кеміргіштерге жүргізілген тәжірибе оларға қалай әсер еткенін де айтты. С және Е дәрумендердің компоненттері тотығу процесімен күреседі. Оған қоса, С және Е дәрумендері денеде жаңа қан тамырларының пайда болуына ықпал етеді. Мұндай тамырлар даму үшін тамақтануды қажет ететін қатерлі ісікте де пайда болуы мүмкін. Алынған нәтижеге сүйеніп, ғалымдар дәрумендерді мөлшерінен көп пайдаланбауға, оларды маманның кеңесінсіз қабылдамауға кеңес берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!