Атырауда жас отбасы бір ұл мен екі қыздың ата-анасы атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Қазбек Ермағамбетовтің айтуынша, үшемді дүниеге әкелген 26 жастағы Бекзада Қадырбаеваға жүктіліктің 33 аптасында ота жасалған.
Перинаталдық орталық директорының орынбасары Гүлмира Әбекееваның айтуынша, бұл – жас отбасының тұңғыш перзенттері. Жас отбасы сәбилеріне Абдул Хаким, Хафиза, Хабиба есімін берген.
"Үшемнің біреуі – ұл, екеуі – қыз. Сәбилер әртүрлі салмақпен өмірге келді. Бәрінің де салмағы 2 келіге жетпеді. Бірі – 1 711, екіншісі – 1 823, үшіншісінің салмағы 1 420 грамм болды. Нәрестелер шала туғанына байланысты жансақтау бөлімінде жасанды желдету құрылғысына қосылды. Осы бөлімде толыққанды ем алды. Перзентханада жағдайы тұрақталып, тыныс алуы жақсарғанға дейін 37 күн жатты. Сонан соң үйіне шығарылды. Қазір сәбилердің салмағы ұлайып, 1 700, 2 400, 2 500 граммға жетті", - дейді Гүлмира Әбекеева.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұрлан Дүйсембаев үшемнің туу туралы куәлігін табыс етті. Ал, облыстық перинаталдық орталығының директоры Қазбек Ермағамбетов үшемнің әке-шешесіне орталық атынан арнайы сертификат табыстады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!