Енді пошта жөнелтілімін PIN-код арқылы алуға болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс пошта нарығын дамытуға бағытталған "Пошта туралы" заңға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заң жобасы аясында "Қазпошта" АҚ-ның еліміздің өңірлеріне дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша логистикалық әріптес болуына мүмкіндік беретін түзетулер енгізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Бұл оператордың инфрақұрылымын сақтап қалуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және болашақта дәрі-дәрмектерді "есікке дейін" жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. ...Заң жобасында ұсынылған түзетулер "Қазпоштаға" кеден брокері ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл тұтынушылар үшін кедендік құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді және халықаралық электрон саудаға жол ашады. Осы өзгерістер ауылдағы азаматтарға үлкен мүмкіндік береді", - деді депутат.
Депутат Нұртай Сабильянов та қосымша баяндама жасап, қазір ауылдық жерлерде "Қазпошта" АҚ-ның 1986 пошта бөлімшесі орналасқанын (жалпы Қазақстан 2605 бөлімше) айтты.
"Қазпошта" - шалғайдағы елді мекендерде қызмет көрсететін жалғыз оператор. Саны 2000 адамнан төмен көптеген ауылда пошта бөлімшелері жоқ екенін ескере отырып, ауыл тұрғындарын бұл қызметтермен одан әрі қамту үшін қолжетімділік көрсеткіштерін қайта қарау қажет деп санаймыз. Жалпы заң жобасы бойынша 61 түзету түсті, олар жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды", - деді ол.
Айта кетейік, Мәжіліс отырысында "Пошта туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы талқыланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз