Актер Шәріп Серікке қатысты қоғам назарынан түспей келе жатқан жағдай аясында, оның Salem Entertainment медиа-компаниясымен қайта әріптестікке оралғаны жөнінде ақпараттар пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі Шәріп, желіде танымал Шако немесе Шакенти атымен белгілі, Salem жобаларында қайта бой көрсете бастағанын болжады.
"Бізде "cancel culture" ұзаққа созылмайды. Міне, Шако Salem Social-ға қайта келді", – деп жазды қолданушылардың бірі.

Редакцияға да осы тақырыпта оқырмандардан көптеген сұрау келіп түсті. Олар "Шәріп Серік шынымен де Salem ұжымына оралды ма, жоқ па?" деп сұрады.
Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Tengri Life Salem Entertainment компаниясына ресми сауал жолдады. Компанияның бренд-менеджері Карим Кадырбаев бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Шәріп Серікпен жасалған келісімшарт бұзылған. Қазіргі уақытта жаңа жобалар бойынша бірлескен жұмыс жоспарда жоқ", – деп мәлімдеді ол.
Осылайша, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланғанымен, Salem Entertainment актердің компанияға ресми түрде қайта оралғанын растамайды. Қазіргі таңда Шәріп Серіктің жаңа жобаларға қатысуы жөнінде нақты дерек жоқ.
Даудың басы
Жуырда Шәріп Серік зорлық-зомбылық әрекеттеріне байланысты қоғам наразылығына ұшыраған еді. Актердің бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева Instagram парақшасында видео мен фотоматериал жариялап, онда Шәріп Серіктің оны жалаңаяқ қуып жетіп, қолынан тартып лифтіден шығарып жатқаны бейнеленген. Бойжеткеннің бетінде қызару іздері байқалған.
Алматы қалалық полициясы бұл оқиғаға байланысты тексеру жүргізілетінін хабарлады. Осы жанжалдан кейін Salem Entertainment компаниясы актермен барлық келісімшартты бұзғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Шәріп Серік түскен фильм премьерасы да тоқтатылды. Instagram парақшасында актер өз іс-әрекеті үшін кешірім сұраған бейнежазба жариялады. Кейін бұл жазба желіден өшірілді.
4 сәуір күні Алматы қаласының соты оны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет