- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Саланы тәртіпке келтіру...
"Саланы тәртіпке келтіру керек". Парламент жұмысына жасанды интеллект енгізілмек
Қазақстан Парламенті заң шығару процесін жетілдіріп, жұмысқа жасанды интеллектіні енгізбек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Сенатта "Парламент жұмысындағы цифрландыру" тақырыбында семинар өтіп жатыр. Іс-шараға қос палатаның депутаттары, Президент Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты мен әділет, цифрлық даму министрліктерінің және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып жатыр.
Отырыста Сенат депутаты Жақып Асанов Парламент цифрландыру саласында көштен қалып қойғанын мойындады.
"Цифрландыру жағынан Қазақстан өте жоғары деңгейде. Шүкір, жетістіктер баршылық. Көптеген сала бойынша мемлекеттік органдар жақсы дамып келеді. Осы ретте Парламентке келсек, біз сол көштен біраз қалып қойған жайымыз бар. Егемендік жылдарында 3 мыңнан аса заң, заңдарға тәуелді ондаған мың актіні қабылдаппыз. Осындай үлкен заңнамалық база болған соң онда кемшіліктер де, қарамайшылықтар да бар, керек емес қайталау да аз емес. Соның бәрі қоғамға, адамдарға тіпті заң шығарушыларға да қиындық туғызып отыр. Осыны тәртіпке келтіру керек", - деді сенатор.
Ол мәселе бақылауға алынғанын, енді бұл бағытта жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
"Сондықтан Сенаттың жобалық офисі мен Парламентаризм институты Парламенттің қызметіне жасанды интеллектіні қалай енгіземіз деп уәкілетті органдармен бірнеше талқылау өткіздік. Дүниежүзіндегі мықты озық тәжірибені іздедік. Сөйтсек, жасанды интелекттіні пайдалану жағынан әлемде ең озық заң шығарушы орган Грекия парламенті болып шықты. Біз Грекия парламентіне көмектескен компанияны тауып, оның білікті мамандарын Қазақстанға шақырдық", - деді Жақып Асанов.
Семинарда жасанды инллект саласындағы жаңа технологияларды қолдануға маманданған Hellenic OCR Team компаниясының сарапшылары Фотис Фитсилис, Сотирис Левентис, Джордж Микрос сөз сөйледі.
Бұл компания ашық парламенттік деректерді ілгерілету мен зерттеу, парламенттік және үкіметтік жүйелерге электрон құралдар мен қызметтерді әзірлейді.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!