Барселонада 25 жастағы Ноэлья Кастильо өмірден өтті. Бірқатар ауыр оқиғаны бастан кешірген қыз сал болып қалып, эвтаназия жасау құқығына қол жеткізген еді. Оның оқиғасы қоғамда қызу талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ноэлья өз өмірі туралы Испанияның Antena 3 телеарнасындағы Y ahora Sonsoles ток-шоуына берген сұхбатында айтып берді. Ол өз өлімін жеделдету туралы шешім қабылдау себептерін түсіндірген.
Жасөспірім кезінен бастап оның өмірі оңай болмаған: 13 жасында ата-анасы ажырасып, кейін ол балалар үйіне түскен. Қыз психиатриялық ем қабылдап, оған обсессив-компульсив бұзылыс (ОКБ) және шекара-тұлғалық бұзылыс диагнозы қойылған.
Оның айтуынша, 2022 жылы клубта бір топ адам оны зорлап кеткен. Кейін қыз балконнан секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған. Алайда бұл әрекет ауыр салдарға әкеліп, ол белінен төмен сал болып, мүгедектер арбасымен қозғалатын күйге түскен.
Сондай-ақ, ол бірнеше жыл қарым-қатынаста болған бұрынғы серіктесі тарапынан да зорлық көргенін мәлімдеген.
"Отбасымның ешқайсы эвтаназияны қолдамайды. Бірақ осы жылдар бойы бастан өткерген барлық азабыммен қалай өмір сүруім керек?" - деген еді ол.
Испания эвтаназияны 2021 жылы заңдастырып, Еуропалық одақта мұны заңмен рұқсат еткен алғашқы елдердің бірі болды.
Рұқсат алу үшін науқас бірнеше кезеңнен өтуге тиіс:
SkyNews мәліметінше, заң қабылданар алдында жүргізілген сауалнамалар бойынша, ел тұрғындарының шамамен 90 пайызы оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды қолдаған.
Ноэльяның эвтаназия жасау құқығы ұзаққа созылған сот дауларының нысанына айналды. Оның әкесі Джеронимо Кастильо қызы психикалық бұзылыстарына байланысты саналы әрі салмақты шешім қабылдай алмады деп есептеген. "Христиан заңгерлері" ұйымының қолдауымен ол бұл құқықты сотта даулауға тырысқан.
Іс Испанияның Конституциялық сотына дейін жетіп, ақырында сот оның уәждерін қанағаттандырмай, ешқандай заңбұзушылық анықтамаған. Еуропалық адам құқықтары сотына жүгіну әрекеттері де нәтиже бермеген.
"Ол менің шешімімді құрметтеген жоқ және ешқашан құрметтемейді", — деген еді қыз.
Ноэлья эвтаназияға рұқсатты 2024 жылы алған, алайда сот дауларына байланысты рәсім кейінге шегерілген.
Сот процестері аяқталғаннан кейін оған эвтаназия өткізу күні белгіленді: 2026 жылғы 26 наурыз, Испания уақыты бойынша сағат 17:00.
Осыдан аз уақыт бұрын ол соңғы сұхбатын берген.
"Ақыры бұған қол жеткіздім. Енді, бәлкім, шынымен тыныштала алатын шығармын", — деген ол.
Сонымен қатар, ол өз оқиғасының ешкімге үлгі болғанын қаламайтынын ерекше атап өткен.
Оның оқиғасы Испанияда ғана емес, бүкіл әлемде қызу талқыланып жатыр.
Бір жағынан, адамның өз өміріне өзі билік ету құқығы мәселесі көтерілді. Екінші жағынан, әсіресе психикалық бұзылыстармен байланысты жағдайларда эвтаназия жасау-жасамау туралы пікірталас жүрді.
"Әкенің, ананың немесе әпке-қарындастың бақыты қыздың өмірінен маңызды болмауға тиіс", - деген еді Ноэлья.
Өмірде қиындықтардан шығатын жол жоқтай көрінген сәттерде тегін сенім телефондары мен психологиялық қолдау қызметтері көмекке ете алады. Қазақстанда мұндай қызмет бірнешеу.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!