Сақиналарды көрсетуді сұраған: Астанада сатушы ер адамға сеніп, күтпеген жайтқа тап болған

Зергерлік дүкеннен алтын бұйымдар ұрлаған астаналық қолға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиғаның мән-жайы

Полицияға қала тұрғыны жүгініп, белгісіз біреу сауда үйлеріндегі зергерлік дүкендерден алтын бұйымдарын ұрлап кеткенін хабарлаған. Оқиға елордадағы сауда орталықтарының бірінде болған.

53 жастағы ер адам зергерлік бұйымдар сататын бутиктердің біріне кіріп, сатушыдан сақиналарды көрсетуді сұраған. Таңдаған бұйымдарын мұқият қарап шыққан соң ол сатушыны түрлі әңгімемен алдап, алтын сақиналарды ұрлап, қылмыс орнынан бой тасалаған.

Келтірілген материалдық шығын 315 мың теңгеден асты. Күдікті ұрланған бұйымдарды ломбардқа өткізіп, түскен қаржыны өз қажетіне жұмсаған.

Полиция пікірі

Нұра ауданының ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктіні ұстады.

"Қазір соталды тергеу жүргізіліп, оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз