Белгілі эстрада жұлдызы, атақты "МузАРТ" тобының әншісі Сәкен Майғазиев Желідегі парақшасында топтың қалай құрылғаны туралы жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің айтуынша, 2001 жылы Мейрамбек, Мақсат үшеуі үштік болып құрыларда алдарында топ болып құрылу немесе жеке-жеке шығармашылықтарын жалғастыру сияқты екі таңдау тұрыпты.
"Егер тырнақалды туындымыз, алғашқы әніміз жұртшылықтың жүрегінен орын тапса, жұмысымызды топ болып жалғастырамыз, егер халық қабылдамай, жатса жылы жауып қоя саламыз деп ойладық. Алғашқы әніміз жарыққа шыққан соң біздің бойтұмарымыз, төлқұжатымыз "Сенің көзің" әні талғамы терең тыңдарманның жүрегінен орын тапты", - дейді әнші.
Майғазиев сол кездері Мұқағали Мақатаевтың сөзіне, Қанат Ибраимовтың әніне жазылған "Сенің көзің" әні барлық дыбыс студия дүңгіршектерінде, сауда орындарында, поезда, көлікте шырқалып тұратынын айтады.
"Бір жанкүйер қыздың 90 минуттық аудиокассетаның екі бетіне бірдей біздің бір ғана әнімізді ("Сенің көзің") жазып алып, жалықпай тыңдап жүргенін естіп одан сайын жігерленіп кеттік. Сөйтіп, топ болып жұмыс жасаймыз деп шешім қабылдадық. Міне, Аллаға шүкір, содан бері сіздердің аялы алақандарыңызда жүргенімізге 21 жыл болыпты", - деп толықтарды Сәкен Майғазиев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!