Көрерменге "Сәке" образымен танымал актер Рүстем Омаров семейлік "Елім-ай" футбол командасының бренд-амбассадоры атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы кеше Семей қаласында өткен клубтың ресми таныстыру салтанатында айтылды.
"Бұл футбол клубының қайта құрылғанына қуаныштымын. Мен барымды салып, жұмыс істеуге тырысамын. Тіпті қажет болса футболшылар туралы коррупциялық сериал түсіремін. Мен сериалдарда коррупционерлердің ролін сомдаймын. Біздің клубта мұндай жағдай болмайды деп сенемін", - деп әзілдеді ол сөйлеген сөзінде.
Белгілі әзілкештер Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазин жұлдызды қонақ ретінде шақырылған шара барысында "Не кипишуй" КВН командасы өнер көрсетті.
Айта кетейік, кезінде Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанған "Елім-ай" футбол командасы 17 жылдан кейін қайта құрылған болатын. Бірінші лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алған жергілікті аяқ доп шеберлері 14 сәуірде Семейде тарихи матч өткізеді. Өз алаңында елорданың "Астана М" командасын қабылдайды.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!