Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген жаңалықтар туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында бөлісті.
"Реформа бар. ҰБТ - фильтр. Екіншіден, парақорлық, жемқорлық менталитетін сол жерде қалыптастыратын нәрсе. ҰБТ-ны ешнәрсе, ешкім шеше алмайды, тек оқу ғана шеше алады деген менталитет қалыптастыру керек. Мысалы, IELTS, TOEFL, SAT шетелдік тестер секілді. Мен алғаш рет IELTS тапсырғанда "қалай тапсырамын, не істеймін, кіммен ақылдасамын?" деген ой болды, сосын оның ешқандай амалы жоқ, тек отырып дайындалу керегін түсіндім. Онда сұрақтар жақсы құрастырылған, тілді білмесеңіз, өте алмайсыз. ҰБТ-ның 2 мәселесі бар. Біріншісі - мазмұны. Қазір ол - өкінішке қарай, формал тест, адамды ойлануға, функционал сауаттылығын тексеруге емес, кім қаншалық қысқа мерзімде ақпаратты сапалы жаттап алғанын тексереді", - дейді министр.
Министр бұл мәселелер қалай шешіліп жатқанын айтты.
"Осыдан үш жыл бұрын үлкен жоба басталды. Кембридж университетімен бірігіп, ҰБТ-ның сұрақтарын түбегейлі өзгертіп жатырмыз. Биыл 350 тест даярлайтын адам оқытылады, 5 мың жаңа мазмұнды сұрақтар даярланады. Олар SAT форматына ұқсайтын тест жасайды. Ол жерде жылдамдық емес, тарих, факт емес, баланың ойлау қабілеті тексеріледі. Бірақ бұл форматқа тез ауысуға болмайды, өйткені біз оқушыларды дайындауымыз керек. Ол үшін Оқу-ағарту министрлігінде де өзгеріс болады", - деді ол.
Саясат Нұрбек ҰБТ-ның адал өтуі үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.
"Қазір ҰБТ-ны жеке компания өткізеді. Бұрын министрлікке қысым түсетін еді. Министрдің қолында болса, Ұлттық тестілеуге "Сәке, інім, жиенім бар" деп хабарласатын. Маған да былтыр хабарласты. Қазір жеке компания шешеді, біз оларға кіріспейміз де, сұрақ дайындаймыз, олар тестілеуді өткізеді. Онлайн форматтың кемшілігі - ақпараттық қауіпсіздік. 1-2 дерек болды, қылмыстық іс қозғалды. IT маманы кіріп, баланың орнына дұрыс жауабын белгілеп шыққан. Ол анықталды. Жалпы өткен жылдармен салыстырғанда ҰБТ тазарды", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!