- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Сақалды құрылысқа“ айналған...
“Сақалды құрылысқа“ айналған Шымкент пен Қызылорда әуежайлары қашан ашылады?
Қазір Қазақстанның бірнеше қаласындағы әуежайда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір нысанның ұзаққа созылғаны сонша, тіпті "сақалды құрылысқа" айналып бара жатыр. Ал кейбірі жөндеу жұмысы аяқталған соң да көңіл көншітпейді. Massaget.kz тілшісі Қазақстандағы әуежайлардың жағдайына шолу жасады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, еліміздің аумағында облыстық және республикалық маңыздағы 20 әуежай бар. Оның үшеуінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр: Шымкент және Қызылордада әуежай ашылуға даярланып жатыса, Балқашта перронды жөнделіп жатыр.
Шымкент әуежайы
Шымкент әуежайының жаңа терминалы биыл шілдеде пайдалануға берілуі керек еді. Бұл нысан алдымен пандемияға, кейін сот процестеріне байланысты "сақалды құрылысқа" айналды. Ақпандағы ақпарат бойынша, әуежайдың құрылысы 85 пайызға дайын болған. Алайда әуежайдың жаңа терминалы әлі ашылған жоқ.
Көлік министрлігінің мәліметінше, қазір жаңа терминалдың заңды мекенжайын тіркеу үшін құжаттар әділет органдарына жолданған. Қала әкімдігі перронды магистраль жолақпен жалғайтын такси жолын салу үшін Қорғаныс министрлігімен жер мәселесін талқылап жатыр. Ал перрон құрылысы аяқталып қалған.
Айта кетейік, Шымкентте жаңа терминалды әуежайды басқаратын SCAT әуекомпаниясы салып жатыр. Құрылысқа жауаптылар жаңа терминалды 2023 жылғы желтоқсанда ашамыз деп уәде еткен еді. Пайдалануға берудің соңғы мерзімі - 2024 жылғы 1 шілде.
Massaget.kz тілшісі әуежай нақты қашан ашылатынын білу үшін Көлік министрлігіне сауал жолдады. Ведомство өкілдері жыл аяғына дейін әуежай пайдалануға берілетінін айтып уәде етті.
"Әуежай әлі ашылған жоқ. Шымкент әуежайының жаңа терминалы жыл аяғына дейін халық игілігіне тапсырылады", - делінген жауапта.
Сурет: 2gis.kz
Қызылорда әуежайы
Қызылордадағы "Қорқыт ата" әуежайының құрылысы қашан аяқталады? Құрылысқа қанша қаражат кетті? Әуежай ашылған соң қай елдерге бағыттар ашылады? Көлік министрлігі өкілдері Massaget.kz тілшісінің сауалына жауап берді.
"Қызылордадағы "Қорқыт ата" әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жеке инвестордың қаражатына салынған, оның құны - шамамен 15,7 миллиард теңге және әуежайдың инфрақұрылымына жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде әуежай аптасына 30 рейс орындайды, оның ішінде 14 - Астанаға, 15 - Алматыға, 1 - Антальяға (Туркия). Қосымша халықаралық рейстерді ашу туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Жалпы құны 33 миллион АҚШ доллар болатын заманауи үлгідегі жаңа нысанның жалпы аумағы - 3,9 гектар. Жаңа әуежай терминалының құрылысы былтыр ақпанда басталған еді. Жоба бойынша нысан 2024 жылғы мамырда ел игілігіне беріледі деп жоспарланды, алайды ол кейінге шегерілді. Енді министрлік өкілдері жаңа терминал қыркүйекте ашылады деп уәде берді.
Ауқымды жобаға тапсырыс беруші - Болат Өтемұратов қоры жеке қорының қайырымдылық қаржыландыру есебінен "Accent Deleopment Solutions" ЖШС. Ал жобаның бас мердігері – "Elite Insaat" және "Ava Construction" ЖШС мекемесі.
Тengrinews.kz
Алматы әуежайы
Бұдан бір ай бұрын Алматы әуежайының жаңа терминалы жаңбырдан кейін су астында қалған еді. Қатты лайлы жауын-шашын салдарынан төбеден су ағып, перрон жағындағы нөсер канализациясы ішінара бітеліп қалған еді.
Алматы әуежайы өкілдері мұндай ақау қайталанбас үшін жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
"Су жиналған аймақтарда болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін бетон кедергілер орнатылды. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін экологиялық басқарманың мамандарымен бірлесіп, жаңбыр суын бұру туралы шешім қабылданды. Бұл жұмыстар шамамен 1 ай жүргізіледі", - делінген хабарламада.
Жаңа халықаралық терминалдың ауданы - 53 мың шаршы метр. Жаңа терминал арқылы сағатына 24 мың жолаушыны ұшып кетіп, 33 мың жолаушыны ұшып келе алады. Онда 3 VIP бөлме бар, 50 тіркеу пункті, екі fast-trac, 5 өзін-өзі тіркеу пункті, 5 baggage drop-off пункті бар.
©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сәриев
Елдегі әуежайлардың құрылысы мен қызмет сапасын арттыру мақсатында қандай шаралар жіргізіліп жатыр?
"Әуежайды, сертификатталатын әуеайлақты салу және реконструкциялау жобалары ұшу қауіпсіздік, авиациялық және қоғамдық қауіпсіздік, сондай-ақ, әуежайға қызмет көрсету үшін көлік инфрақұрылымын оңтайландыру шаралары жүріп жатыр", - делінген жауапта.
Айта кетейік, елімізде 20 әуежай бар. Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Ақтау қалаларындағы әуежайлар халықаралық статусқа ие.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек