Сақ стилінде: Жаңа 5 мың теңгелік банкноталар айналымға шықты

Сақ стилінде: Жаңа 5 мың теңгелік банкноталар айналымға шықты
Фото: Ұлттық банк

25 желтоқсаннан бастап жаңа 5 мың теңгелік банкноталар айналымға шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл - "Сақ стилі" жаңа сериясының алғашқы банкнотасы. Ол дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастаушысы болып саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін "Сақ стилі" элементтеріне негізделген.

Түсі - қызыл-қызғылт сары. Банкнотаның бет жағында:

  • көкте қалықтап ұшқан құспен "Өмір ағашының" бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
  • ДНҚ спиралы және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
  • жәдігер-бүркіт фигурасы түріндегі безендіру (Қорған Талды II, б.д. д. 7-6 ғғ.; бүркіт шексіз еркіндіктің, күш пен ептіліктің символы ретінде).

Банкнотаның сырт жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан фонындағы бүркіт бейнеленген.

 

Негізгі бейненің артында дөңгелек қазақтың ою-өрнегі орналасқан. Бұл бейне мына идеяларды білдіреді:

  • "Қалқан" - құндылықтарды қорғау;
  • ежелгі символ - әлемнің төрт құбыласы;
  • ортасындағы күн белгісі - өмірдің символы.

Сондай - ақ, банкнотаның сырт жағында қанаты жайылған жәдігер-бүркіттің бейнесі орналасқан (Берел қорғандары "Патшалар Алқабы", б.д. д. 8-7 ғғ., ШҚО, безендіру элементі, еркіндік пен үйлесімділіктің символы). Банкнотаның ортасында Шарын каньонының ландшафты көрінісі орналасқан "шексіздік" қазақтың ою - өрнегінің фон-контуры бар.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина