- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сақ болыңыз! Ірі...
Сақ болыңыз! Ірі банктер мен мобильді операторлар қазақстандықтарға үндеу жолдады
Ірі банктер мен мобильді операторлар қазақстандықтарға үндеу жолдады. Олар клиенттерді қаржылық шығыннан қорғау үшін алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап.
Киберқылмыскерлер мынадай схема ойлап тапқан. Алаяқ қазақстандық немесе шетелдік нөмірден қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Ол телефон байланысы қорғалмағанын айтып, WhatsApp немесе басқа мессенджерде сөйлесуді ұсынады. Ал чатта алаяқ банк қызметкерінің жалған қызметтік куәлігінің суретін жібереді. Ол қаражатыңызды ұрлауға тырысып жатқандар бар екеніне сендіреді және оларды "қауіпсіз шотқа" аударуға көндіреді. Осыдан кейін алаяқ ұшты-күйлі ақшамен бірге жоғалады.
"Қазақстандық банктердің қызметкерлері телефон арқылы сөйлескенде ешқашан басқа шоттарға ақша аударуды ұсынбайтынын, парольдеріңіз бен кодтарыңызды сұрамайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Қазақстандық банктердің қызметкерлері клиенттерге ешқашан шетелдік нөмірлерден қоңырау шалмайды", - делінген банктердің бірлескен өтінішінде.
Қаскүнемдер алаяқтықтың бұрыннан белгілі түрлерін де әлі пайдаланады. Сондықтан қазақстандықтардан қырағы болу және мынадай қарапайым ережелерді ұстану сұралады:
- Әңгімені дереу тоқтатыңыз! Сіз күдікті қоңырау туралы хабарлау және шоттарыңыздың сақталуын қамтамасыз ету үшін банктің байланыс орталығына қайта қоңырау шала аласыз.
- Ешқашан және ешкімге SMS-хабарламалар арқылы келетін құпия кодтарды, интернет-банктегі жеке кабинеттің паролін бермеңіз.
- Қоңырау шалушылардың өтініші бойынша басқа шоттарға ақша аудармаңыз.
-
Ешқашан олардың нұсқауы бойынша белгісіз мобильді қосымшаларды жүктемеңіз!
-
Бейтаныс адамдар жіберетін сілтемелерді ашпаңыз.
"Бұл қарапайым қаржылық қауіпсіздік ережелері сізді алаяқтардан қорғауға және ақшаңызды жоғалтпауға мүмкіндік береді", - деді банк өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін сотталған адам 2 жыл бойы колонияда интернет-алаяқтықпен айналысқаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова