Алматы полициясы Саин көшесінен кейін қаланың басқа көшелерінде де жылдамдықты шектеу жоспарда бар-жоғын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің сөзінше, Саин көшесінде сағатына 60 шақырымға дейін жылдамдықты шектеу пилоттық режимде енгізілген. Ол бұл шараны жекелеген учаскеде сынақтан өткізу көзделгенін айтты.
Салтанат Әзірбек Саин көшесінің Төле би көшесінен Рысқұлов даңғылына дейінгі бөлігі жылдамдықты шектеу үшін кездейсоқ таңдалмағанын да мәлімдеді.
"Мұны жол апаты көп болатын учаскелерді ескере отырып жасап жатырмыз. Талдау жүргізілді, сондықтан жол апатының санын азайту үшін осындай әдісті қолданып отырмыз", - деп түсіндірді Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ, ол әзірге қаланың басқа көшелерінде жылдамдық шектеуін енгізу жоспарланбағанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Саин көшесінің бір бөлігінде жол қозғалысын ұйымдастыру тәртібі өзгерген болатын. Мұнда жаңа жол белгілері пайда болып, жылдамдық сағатына 60 шақырымға дейін шектелді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!