Диплом табыстау рәсімінде құжатты сахнада жұрттың көзінше жыртып тастаған студенттің әрекеті желіде қызу талқыланып жатыр. ICB колледжі студенттің атынан ресми мәлімдеме жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәлімдемеде студент өз әрекеті үшін кешірім сұраған.
"Әлеуметтік желіде тараған диплом тапсыру рәсіміндегі видеоға байланысты колледж ұжымынан, оқытушылардан, Білім басқармасынан және барша жұртшылықтан шын жүректен кешірім сұраймын", - деп жазылған мәлімдемеде.
Сондай-ақ, студент ресми диплом жыртылмағанын айтты. Оның сөзінше, ол бұл әрекет үшін алдын ала құжаттың көшірмесін дайындап қойған.
"Дипломның түпнұсқасы жыртылған жоқ. Алдын ала дайындап әкелген көк қағазды жырттым. Бұл әрекетіммен ешкімді қорлағым келген жоқ. Білімнің қадірін түсіру мақсатында жасалмады. Қоғамда теріс пікір туғызады деп ойлаған жоқпын" - деді ол.
Мәлімдеме аяғында түлек болған жағдайға өкініш білдіріп, мұндай жағдай енді қайталанбайтынына уәде берген.
Айта кетейік, бұған дейін желіде диплом тапсыру рәсіміндегі видео кең тараған болатын. Кадрларда студент сахнада дипломды алған бойда оны жұрттың көзінше жыртып тастағаны көрінеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз