Ұлттық қолөнердің астарында ұлттың символы, тарихы мен мол мұрасы жатыр. Оның қастерлі болуы да сондықтан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Аtr.kz-ке" сілтеме жасап.
Жер-дүниені кезген жиһанкездер басқа емес, дәл осы қазақтың қолөнеріне тәнті болғанын талай тарихи еңбектен оқып та, естіп те жүрміз. Қазаққа ғана тән қолөнер өзге ұлттан еш кем түспеген. Алайда "әттеген-ай" дегізетін тұстарымыз да жоқ емес. Ел арасында ата жолын жалғап, темірден түйін түйген, сан алуан ағашты небір түрлі иірімге келтіріп, кәдесіне жаратқан, жүннен киіз басып, үстіне оюлап түр салған шебер қолды адамдар саны бүгінде саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – Сағыз ауылының тұрғыны Жайлау Таласов. Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық болмысымызды айқындай түсетін аспаптардың жоғалып кетпеуіне күш салып, қолөнерді ұлықтап жүрген хас шебермен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Әңгіме барысында ұлттық қолөнердің ерекшелігінен бастап, қоғамдық көзқарасқа дейінгі ой-пікір орнымен өрбіп, өмір шындығы да ашық айтылды.
– Жайлау Асқарұлы, сіздің саз балшықтан сәндік табақша, басқа да ұлттық нақыштағы көптеген бұйымдармен қатар түрлі музыка аспаптарын жасайтыныңызды жақсы білеміз. Өңірдегі ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып жүрген жанның бірісіз. Қолөнерге деген қызығушылығыңыз қашан оянды?
– Алматы көркем-сурет училищесіне түсуді VII сыныпта оқып жүргеннен бастап армандадым. Ол кезде "оқуға шақырамыз" деген жарнама "Лениншіл жас" газетінің соңғы бетіне жарияланатын. Сол парақты қолыма қиып алып жүретінмін. Бала күнімде сурет салуға қабілетім болды да, қабырға газетін шығарып, қауырсынмен жазып жүрдім. Бірақ ол кезде суретті менен де жақсы салатын адамдар көп еді. Оқуға түскен соң қолөнер сабақтарына қатысып, оның түрлерімен жақын таныса бастадым. Менің ұстазым – жергілікті зергер Өтепқали Өміров. Оқуға түсерде сол кісі ылғи қыздар оқитын кілем тоқитындардың тобына түсуге кеңес берді. Дегенмен оған аса бір қызығушылығым болмағандықтан, ол саланы қол көрмедім. Мамандық таңдап жүргенімде көркем қыш бөліміне тап болып, студенттердің құмыра кеселерді қалай жасап жатқанын көрдім де, ойланып жатпастан "осында оқимын" деп шештім. Қыш өнеріне деген құмарлығым содан басталды.
– Бір сұхбатыңызда қазір тұрмыстық бұйымдардың басым бөлігі химиялық қоспалар арқылы жасалатынын, сондықтан ұлттық қолөнерді қайта жаңғырту керектігін айтып едіңіз. Ұлттық қолөнердің ерекшелігі неде деп білесіз? Ұлттық өнердің тазалығын қайткенде сақтап қалуға болады?
– Қазақы қолөнер бұйымдары материалдарының табиғилығымен ерекшеленеді. Шеберлер малдың терісін, жүнін, мүйізі мен сүйегіне дейін тиімді пайдалана білген. Мәселен, қазақтың зергерлік өнерін алып қарасаңыз әлемдік деңгейдегі ұлттық брендке айналған. Ағаш, тері, тіпті киіз өнері де біртіндеп дамып келеді. Алайда көркем қыш өнері әлі кенжелеу қалып отыр. Қазақы өнердің бұл түрі түгел жойылып кеткен десек те артық болмас. Себебі көршілес өзбек халқының керамикасымен салыстырсақ, олардың фабрикалық ыдыс-аяғындағы суретке дейін ұлттық символ ретінде қалыптасып үлгерді. Жекеменшік шеберханаларының өзі де бізден 50-60 жылға ілгерілеп кеткен. Атадан балаға алты-жеті ұрпақ үзбей жұмыс жасап келе жатқан шеберханалар да өте көп. Ал, бізде осы сала ақсап тұр. "Міне, ұлттық ерекшелігіміз, мынау қазақтың керамикасы" деп айтатындай ерекше керамикалық өнер жоқ. Домбыра секілді ағаштан жасалатын ұлттық аспаптардың белгілі бір деңгейде өзге ұлттың аспабымен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бар. Өкінішке қарай, керамикалық өнердің сипаттамасын көрсетіп, ерекшелеп айта алмаймыз. Мысалы, өзбек керамикасында 12 стиль бар. Кейбір атақты шеберлердің қалыптасқан өзіндік стилі де бар. Ал, қазақтың керамикасын түрлі стильге бөлмей-ақ, ұлттық ортақ стиліміз де қалыптаспаған. "Оны қалай қалыптастырамыз?" деп бас қатырып жатқан жанды да көрмейсіз. Атқарушы билік пе, қоғамдық ұйымдар тарапынан болсын осы мәселені көтеріп, ғылыми конференция ұйымдастырып, бағыт-бағдар берілуі керек. Соның негізінде арнайы бағдарлама әзірлеп, ұлттық керамика өнерін зерделеп, ғылыми деңгейде шеберлердің алдына қоятын кез жетті. Себебі нақты бағдарлама болмайынша істің ілгері жүреріне күмән көп.
– Өзіңіз секілді ұлттық дүниелерді жасап жатқан шеберлер санаулы. Тіпті, жоқтың қасы. Өлкемізде төл өнерге деген сұраныс қаншалықты? Оны кәсіпке айналдырудың көзін іздеп көрмедіңіз бе?
– Қолөнер бұйымдарын бұдан 20-25 жылдай бұрын кәсіпке айналдырып көргенмін. Ол кезде қиын болатын, қағазбастылық, жол азабымен үш ай сайын аудан орталығына бару, басқа да машақаты көп. Екі жылға жуық уақыт осылай жүрдім де одан әрі дамыта алмадым. Қағаз толы папка құшақтап жүрген өзімді қолөнерші емес, есепші секілді елестеттім. Бір айқын жайт бар, ол – өнерге кәсіп ретінде қарау көзқарасының өзі дұрыс емес. Өйткені мұны ұлттық құндылық, ұлттық өнер ретінде сақтап, қалпына келтіру, дамыту бағытында жұмыс жүргізілуі керек еді. Десек те олай жасау үшін міндетті түрде кәсіпкер болып тіркелу қажет. Шынында бұл – мемлекеттің тікелей қамқорлығына алуы тиіс сала. Басқасын қояйық, Атырау облысында қолөнершілердің төлеген салығына "қарап қалуы" мүлдем ақылға сыймайды. Содан соң кәсіпті қойып кеттім. Салық төлеу үшін табыс табу керек, ал табыстың соңында жүргенде тың идея туындамай, шығармашылығың тарылады. Өзбекстанда тәуелсіздігін алысымен ұлттық қолөнерді салықтан босатты. Соның арқасында атадан балаға қалып келе жатқан қыш өнері шарықтап дамып кетті. Қазір туристердің бәрі Өзбекстанда жүр. Керамикасын іздеп барады, жасап жатқан шеберханаларының өзін "тірі" мұражай ретінде көреді. Ташкентке барып көрсеңіз мұражайлардың жанында Президенттің тікелей басшылығымен салынған шеберханалар бар. Олар қолөнершілерге ештеңе берген жоқ. Жай ғана кедергіні алып тастады. Өзбекстанда да бюджет тапшы, біздегідей мұнай, газ жоқ, бірақ сол кездегі ұтымды шешімнің нәтижесін қазір көріп отыр. Ащы да болса айталық, қазіргі қазақ қоғамында қолөнерге деген көзқарас қалыптаспаған. Ішкі туризмнің де дамымай жатқаны сондықтан. Тек жырақтан меймандар келгенде ғана іздеп, кейін бізді ұмыта салады. Біздің жағдайымыз ешкімге қызық емес. Үкіметтен арнайы бағдарлама күтпей-ақ та осы жерден қолға алып, өзге өңірлерден ерекшеленуге болар еді, бірақ… Менің келгеніме де ширек ғасыр өтті. Осы кезеңде Сағызды батыс аймақтың керамика орталығына айналдыруға болар еді, әттең!.. Сұраныс бар әрине. Қазіргі ақпараттық технологияны пайдалана отырып, жарнамалау да қиын емес. Дегенмен керамика өнерін дамыту технологиялық тұрғыдан қиын. Себебі оңтүстікте керамика өнері бұрыннан бар дегеннің өзінде бірде-бір керемет жұмыс істеп тұрған шеберхана жоқ. Түркістандағы Абай Рысбаевтың, Шымкенттегі Кендебай Карабдаловтың шеберханаларына арнайы барып көрдім. Олар да ешқандай қолдау көріп отырған жоқ. Құрал-жабдықтың қымбаттығы, түрлі химиялық бояулар шетелден, ең кемі Өзбекстаннан келетін болғандықтан оны дамыту қиын. Бала-шағаның тіршілігі секілді өте төменгі деңгейден қозғала алмай тұрмыз.
– Республикалық сайыстардың бірінде сіздің қолыңыздан шыққан сазсырнаймен саз орындаған Алматыдағы П.Чайковский атындағы колледждің студенті Гран-приді жеңіп алған екен. Оны жасаудың құпиясы қандай?
– Иә, ол рас. П.Чайковский атындағы музыка колледжінің II курс оқушысы Сымбат Әлімбетова сазсырнайымды тартып, республикалық "Мәңгілік сарын" фестивалінде Гран-при иеленді. Оған дейін бұл сайыс тек домбырашылар арасында өтетін. Сол жылы ерекшеленіп, қазақтың көне аспаптары да көрініс тапты. Мені кейін лауреаттардың концертіне шақырды. Сол саланың, консерваторияның адамдары ғана біледі, сазсырнайымды "атырауский" деп атап жүргенімен өзімді ешкім танымайды екен. Сол жерде "атырауский сазсырнайдың авторы келді" деп қошеметтеді. Онда Қазақ Ұлттық консерваториясы халықтық музыка факультетінің оқытушысы Гүлфайруз Есімханқызының шақыруымен барғанмын. Сазсырнай жасауды ұстаздарымнан үйренген жоқпын. Өз ізденісіммен академик Болат Сарыбаевтың "Қазақтың ұлттық аспаптары" атты кітабындағы сазсырнай бөлімін қайта-қайта оқып, көшіріп жазып алып едім. Сол кісінің еңбегін негізге ала отырып, сазсырнайды студент кезімде Қызылқоғаның, Сағыздың топырағынан сұйық саз бен шликер қоспасын құю әдісімен жасадым. Бірақ аспап бірден ойымдағыдай шыға қоймады. Әйтсе де дыбысы мен бағыты музыканттарға ұнап, Гүлфайруз Есімханқызымен шығармашылық бірлестікте көп жылдар жұмыс істеп, біраз нәтижеге жеттік. Ол кезде сазсырнай шеберлері аз еді. Жақангер деген ағамыз жасап жүрді, сосын мен қосылдым. Қазір осы салаға мемлекеттік деңгейде еңбек сіңірдім деп айта аламын. Себебі ешкімнің қамқорлығынсыз музыканттармен қоян-қолтық жұмыс жасағанның нәтижесінде осындай нәтижеге жеттім. Музыканттар өздері шыр-пыр боп күйіп-пісіп, жойылудың аз-ақ алдында тұрған сазсырнайды соңына дейін жеткізсін деп жандарын бере жүріп, моральдық тұрғыда қолдау көрсетті. Бертін келе қатарымызға музыкалық білімі бар шеберлер қосылды.
– Қазір қандай жұмыспен шұғылданып жүрсіз?
– Шеберхана ашудың реті келмеген соң керамикамен айналыса бастадым деп айта алмаймын. Өзім фотограф болған соң облыстағы фото өнерінің білгірі Аман Мутигуллин ағамыз қалаға шақырды. Ол кезде фотоны сапалы түсіретін мамандар аз болатын. Ағаның ұсынысын көпке дейін қабылдай алмадым. Кейін балалар өсті. Сағызда әр жерден үй жалдап, қиын күндерді бастан кештім. Ақыры күнкөріс қамымен фото саласына біржола ден қойдым. Сондықтан фотограф ретінде есімім танымал, ал қолөнер шебері екенімді көпшілік біле бермейді. 25 жыл уақытта керамикамен тек зертханалық деңгейде ғана айналыстым. Бір жерден саз көріп қалсам немесе таныстарым бір жерде жақсы саз бар екенін айтса соны әкеліп күйдіріп, сыртын шыңылтырмен қаптап, температурасын қарап, қандай сазға қосқанда құрамы байытылатынын анықтап, яғни өзім бұрыннан пайдаланып жүрген жергілікті технологияны дамыта түстім. Қай саздың қаншалықты майлы, қаншалықты құрғақ, сұйық немесе қою сазбен қаншалықты үйлесім табатыны жөнінде әр саздың мінездемесін жазып, осы бағытта жұмыстар жүргіздім. Мұның бәрін "түбінде шеберхана ашсам ұмытып қалмайыншы, технологиясы дайын тұрсын" деген оймен істедім. Соңғы бес жылда Сағызда Өнер мектебінен ашылған қолөнер, сурет бөліміне жұбайым Гүлзира Әутәліпқызы жұмысқа кірген болатын. Сол бөлімге керамика жағынан кеңесші, технолог ретінде көмектесіп отырған жайым бар. Өзімнің көп жылдан бері дайындап жүрген саздарымның біразы, аз-мұз жинаған құралдарымды да сол балалардың сабағына пайдаланып келемін. Тек керамика емес, қолөнершілер отбасы болғандықтан ши, жүнмен де айналыстық. Солардың көпшілігін, бояуымызды балалардың сабағына қолданып келеміз. Өнер мектебінің оқушылары түрлі сайыстарға қатысып жүр. Соның бірінде «А.Өміров атындағы Сағыз өнер мектебі – керамика бағытын дамытып отырған бірден-бір орталық» дегенді естіп қалдым. Яғни, менің тасада, қоғамдық жұмыс ретінде жасап отырған ісімді жұртшылық аңғара бастаған секілді. Бізде басқасы былай тұрсын, Өнер академиясы мен бірде-бір мектепте керамиканы меңгерген технолог маман жоқ. Дегенмен шап-шағын пешімде болса да күйдіріп, жасап отырған бейнероликтерді көріп, ауылда істеген аз ғана еңбегіміз жақсы бағасын алып жүр.
– Ұлттық құндылығымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін оны кейінгі буынға айтып түсіндіру, оның қалай жасалатынын көрсету қажет. Жалпы, қолөнерге көне дүниедей қарап, жеткілікті көңіл бөлініп жатпағандай көрінеді. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?
– Ұлттың қолөнерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің өзіндік мән-маңызы зор болуы керек. Оның дамымауына басты себеп, ең алдымен ұлттық идеологияның жоқтығы. Негізінен қолөнер – ұрпақ тәрбиесіне пайдаланатын идеологиялық құралдардың бірегейі. Ал шеберхана – салт-дәстүр, ырым-тыйым мен рухани әңгімеге толы алаң. Бұл қолданатын материалдық дүние емес, рухани құндылық ретінде қаралуы керек. Мысалы, мен мектепті Атыраудан бітіріп, техникумды аз жыл оқып шығып кетіп, Өтеп ағайдың шеберханасына келіп екі ай мерзім ғана оқуға дайындалғанымда дүниетанымым өзгеріп, бұған дейін түк білмейтінімді түсіндім. Өзімді бейне шеберханаға емес, академияға кіріп кеткендей сезіндім. Ағайдың ұлттық руханият, қолөнер, жалпы өнер туралы әңгімелерін тыңдап, жан дүнием толыға түсті. Өзекті өртейтін өкінішіміз сол, біз ұлттық қолөнершілерді ұрпақ тәрбиесіне пайдалану ісінен де кенже қалып жатырмыз. Қазақтың қолөнеріне қатысты сөздер де ұмытылып барады. Қазір кез келген бала ат-әбзелдерін де айтып бере алмайды. Қазық байлау, күрмеп байлау, есу, өру дегенді де білмейді. "Шудасы желбіреп…" деген жаттау айтып тұрған баладан "шуда деген не?" деп сұрағанымда, жауап бере алмады. Мұғалімінен барып сұраса, масқара болғанда ол да білмейтін болып шықты. Міне, мәселе қайда жатыр?!. Қолөнер – қолөнерші үшін ғана керек емес, ол – ұлтты ұлт ретінде сақтауға қажетті құралдардың бірі. Қазір жұрт жап-жаңа қамшыны төріне іліп қояды. Ата-бабамыз қамшыны төрге ілу үшін жасады ма сонда?! Қазақ тектен-тек тұруы үшін, пайдасыз нәрсе жасамады. Қамшы атқа мініп, қой баққанда пайдалануға, кейін қамшыға аттың тері әбден сіңгеннен кейін барып ілетін. Өйткені, қайысты майлап, оған қасиет берген аттың тері. Атадан қалған естелік ретінде және үйді құрт-құмырсқадан сақтау үшін ілген. Аттың тері жыланды да қайтаратын у екені белгілі. Мысалы, аттың тері өте қатты сіңген қамшымен жыланды жараласаң, ол жылан міндетті түрде өледі. Бұл туралы әдеби шығармаларда терең айтылады. Қолөнерде символикалық пәлсапалық қана емес, шынайы өмірге негізделген аңыз-әңгіме өте көп. Қынжылтатыны, қолөнермен сабақтас ұрпақ тәрбиесіне керек әңгімелердің бәрі қариялармен бірге кетіп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!