- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сағыз ауылында соңғы...
Сағыз ауылында соңғы он жылда төбелестен 9 адам көз жұмған
"Ауыл жастары арасындағы мағынасыз төбелес салдарынан талай отбасы қара жамылып отыр", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сағыз ауылы үшін қаңтар айы тағы да қасіретпен басталды. Ауылдағы төбелестің соңы адам өлімімен аяқталды. Екеуара кикілжің салдарынан 22 жастағы ауыл тұрғыны көз жұмды. Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылындағы қайғылы жағдай 3 қаңтар күні түнде орын алған. Жергілікті денешынықтыру - сауықтыру кешенінде ауыл жастары футбол ойнаған. Футбол кезінде ойыншылардың арасындағы 2000, 2001 жылы туылған екі жігіт өзара келіспей, сөзге келіп қалады. Кикілжің футбол аяқталғаннан кейін де жалғасады. Төбелесуге дейін жалғасқан оқиға соңында жанжалдасушының бірі көлігінде жүрген пышақты ала жүгіреді. Суық қару денесіне аяусыз сұғылған жігіт қансырап қалған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жергілікті амбулаторияға жеткізілгенде жараланған жігіт тірі болған.
"Бірақ, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеуі себепті, зардап шегуші амбулаторияда көз жұмған. Жарақат алған жігіт емханаға жеткізілген уақытта амбулаторияда санитар ғана болған. Жедел көмек көрсетуі тиіс медицина қызметкерлері амбулаторияға кешігіп жеткен. Біздің ауылымызда білікті дәрігер мамандар жоқ. Соның салдарынан осындай төбелес сияқты оқыс оқиға кезінде зардап шеккендерге тиісті көмек уақытында көрсетілмей жатыр",– дейді есімін атамауды өтінген ауыл тұрғыны.
Бізге белгілі болғанындай, марқұм болған жас жігіт жақында ғана әскерден келген. Денсаулығына байланысты, жуырда ота жасатқан екен. Тепсе темір үзетін жас жігіт отбасын құрып та үлгермеген. Атырау облысы Полиция департаменті қанды оқиғаның болғанын растады.
"Күдікті ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде", – деп қысқа қайырды Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз-хатшысы Мейірім Ердәулет.
Өкінішке орай, бұл ауылда орын алған бірінші ауыр қылмыс емес. Соңғы он жылда алақандай ауылда адам өлімімен ұштасқан қылмыстардың нәтижесінде 9 адам кісі қолынан қаза тапқан. Қылмыс жасады деген күдікпен сол ауылдың 15 тұрғыны бас бостандығынан айырылған. Адам өлімінен сенсация жасауға болмайды. Дегенмен, ауыр қылмыстар үдеген үстіне үдеп бара жатыр. Қасіреттісі сол, төбелесіп жатқаны да, қаза болғандары да бір ауылдың бір-бірін жақсы танитын тұрғындары. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын ауыл жастарының арасындағы өзара «разборка» соңы қару қолдануға ұласып, бір адам көз жұмды. Үш адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.
Көз жұмған марқұм Серік Келдібаев көпбалалы әке, бір отбасының тірегі еді. Әкесі дүниеден өткен уақытта марқұмның алтыншы сәбиі анасының ішінде қалды. Жарық дүние есігін ашпай жатып, жетім атанған бейкүнә нәресте осылайша, үлкендердің арасындағы мағынасыз майданның құрбаны болды. 2021 жылдың 30 қазаны күні кешкі сағат 19.30 шамасында Сағыздан 10 шақырым, "Атырау-Ақтөбе" тас жолына жақын жерде болған атыс осылайша, тұтас ауылды теңселтіп кетті. Қылмыстық іске әлі күнге дейін нүкте қойылған жоқ. Сот әлі жүріп жатыр. Тізе берсек, мұндай эпизодтарды көптеп келтіруге болады. Осындай мағынасыз төбелес бір кездері мектеп оқушысының да өмірін жалмаған еді. 2003 жылы осы Сағыз ауылында қырғын төбелес болып, 11 сыныпта оқып жүрген Болатбек Бекбауов көз жұмды. Қой аузынан шөп алмайтын, момын бала – бір отбасының үміті еді. Айтаққа еріп, көппен бірге "разборкаға" барған бозбала жалындап тұрған шағында о дүниелік болып кетті.
Жоғарыда соңғы он жылда ауылда кісі қолынан тоғыз адамның қаза тапқанын айттық. Бір қарағанда жай статистика болып көрінгенімен, шын мәнінде, бұл үлкен қасірет. Әр санның артында тұтас адамның тағдыры, ойран болған отбасы, қан жылаған аналардың көз жасы жатыр. Қасіреттісі сол, алақандай ауыл үшін топтасып төбелесу, бас жарып, көз шығару, тіпті адам өлтіру жағдайлары "қалыпты" оқиға ретінде қабылданып бара жатыр. Сағыз ауылдық округінің әкімі Өтепберген Әділов өзара «Совхоз», «Шанхай», «Орталық» деп бөлініп алған ауыл жастарының арасында жыл сайын қару қолдану арқылы аса ауыр қылмыстардың көбейіп отырғанына алаңдаулы.
"Жастардың әлі де болса бос уақытын тиімді пайдалана алмауы, интернеттегі қатыгездікті қалыптастыратын ақпараттарды "жұтуы", отбасы тәрбиесінің әлсіреуі, өзіне-өзі сенімсіз жастардың болмашы ғана мәселені топталып, бұзақылық жолмен шешуге үйреніп алуы, суық қару түрін еш ойланбастан қолдануы қатты алаңдатады. Жастардың санасындағы қатыгездікпен қоғам болып күресуіміз қажет" дейді Сағыз ауылдық округінің әкімі Өтепберген Әділов.
Сағыз ауылының байырғы тұрғыны, мәдениет саласының ардагері Ғафура Жанбосынова ауыл жастарының арасында жиырма жылдан бері жалғасып келе жатқан төбелес "қанға қан" деген өштесуден жалғасып жатқанына сенімді.
"2003 жылы топтасып төбелесудің салдарынан, бір бала көз жұмды. Содан кейінгі төбелестің барлығы кек алуға ұласты. Бір тарап "өш аламыз" деп жұлқынады, екінші тарап "қорғанамыз" деп қолына суық қару алады. Сөйтіп, алақандай ауыл "Совхоз", "Шанхай", "Орталық" болып үшке бөлінді. Бірақ, қылмыс жасағандардың барлығы бірдей жазасын алған жоқ. Олай дейтінім, кісі өлтірген тарап "топ болып төбелесуді жасырамын" деп қылмысты мойнына алып, сотталады. Шын мәнінде, ол адамның кісі өлтіруге қатысы бар ма? Бұл жағы құқық қорғаушылар тарапынан зерделенбейді. Тіпті басбұзарлар мейрамханадағы үйлену тойының шырқын бұзғанда да "Екі жақ татуласты. Қылмыстық іс қысқарды" деп үнсіз қалдық. Сол үнсіздікке дандайсығандар бұрынғы қылмыстарын жалғастырып, ақыры бірі оққа ұшса, қалғандары ауыр жарақат алды. Алақандай ауылда бір емес, бірнеше рет болған қылмыстың ашылмауы барып тұрған абсурд" дейді ауыл тұрғыны Ғафура Жанбосынова.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы