Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.
Кеңес барысында ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ірі жол-көлік оқиғалары мен автокөлік жолдарының аса қауіпті учаскелеріндегі апаттардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
ІІМ-нің деректері бойынша, соңғы үш жыл аралығында автопарктер санының артуына қарамастан, елімізде апаттылық көрсеткішінің төмендеу үрдісі байқалған. Биыл жол-көлік оқиғаларының саны 5,7%-ға, ал қаза тапқандардың саны 3,2%-ға және жараланғандар саны 3,8%-ға төмендеді.
Ірі жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері - жылдамдықты арттыру, қарсы қозғалыс жолағына шығып кету, жол қозғалысы қатысушыларының жолда шаршап кетуі, апаттық-қауіпті учаскелердің болуы.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр уәкілетті органдарға бірқатар тапсырмалар берді.