Сағатына 219 шақырым: әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты жаңа дерек айтылды

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты алдын ала тыңдау өтті. 28 мамырда айыпталушы мәлімдеме жасап, қаза тапқандардың жақындарынан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Еркін Майшиновтың төрағалығымен алдын ала тыңдау басталды.

Төрағалық етуші судья тараптардың басты сот талқылауын өткізу форматына қатысты пікірін тыңдағаннан кейін айыпталушы А.П. сөз сөйледі. Ол қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.

"Ешқандай сөз де, ешқандай іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасына қандай қайғы әкелгенімді білемін. Өз іс-әрекетімді ақтамаймын. Ештеңеге үміт артпаймын, ештеңеден дәметпеймін. Заңға сәйкес жазамды толық өтеуге дайынмын. Тек бостандыққа шығып, қолдан келгенше отбасыларыңызға көмектескім келеді. Кешіріңіздер", - деді ол.

Қаза тапқан қыздардың бірінің отбасының өкілі Мейірман Шекеев пікір білдірген.

"Біздің тарап материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап арыз бермек. Моральдық шығын ретінде 100 миллион теңге талап етеміз, өйткені адам өмірі - баға жетпес құндылық. Сондай-ақ, марқұм көлік сатып алуға несие алған, қазір ата-анасы оны әлі төлеп жатыр", - деді ол.

Сондай-ақ, Мейірман Шекеев қаза тапқандардың бірінің отбасы айыпталушымен татуласуға келіскенін айтты.

Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша айыпталушы А. П., яғни Zeekr 001 көлігінің иесі әрі жүргізушісі рөлге мас күйде отырған. Ресми сараптамалардың қорытындысына сәйкес айыпталушы жеңіл дәрежеде мас болған, ал оқиға алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.

Айыпталушы тағылған айыптың мәнін түсінетінін айтып, бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің суреті мен дерегін жарияламауды сұрады. Сондай-ақ, ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз