- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сағаты - 6...
"Сағаты - 6 мың теңге". Семейліктер 27 миллиард теңгенің спорт кешеніне балалары кіре алмайтынына шағымданды
Семейдің Қарағайлы шағынауданының тұрғындары балалары спорт кешеніне кіре алмайтынын айтып, шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағайлы шағынауданындағы ел аузында "Абай Арена" деп аталатын спорт кешені 2019 жылы ашылған болатын. Нысан құрылысына Шығыс Қазақстан облыстық бюджетінен 27 миллиард теңге бөлінген.
"Қарағайлыда бірде бір футбол алаңы жоқ. "Арена" спорт кешенінде бар. Бірақ қымбат. Сағаты - 5-6 мың теңге. Қарапайым халықта мұндай ақша қайдан болсын? Көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналардың балалары қалай барады?" - дейді осы шағынауданның тұрғыны Жандос Әлібекұлы.
Қарағайлы шағынауданында 2017 жылдан бері жалпы ауданы 303 мың шаршы метр болатын 55 үй салынған. Биыл бюджет есебінен 18 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Шағынаудан тұрғындарының айтуынша, Қарағайлыда шешілмеген мәселе көп.
"Ең өзекті мәселе - мектеп. Қарағайлыда Назарбаев зияткерлік мектебі ғана бар. Бізге жай мектеп керек. Бәрінен де балаларға обал. Қаланың бір шетінен екінші шетіне барып оқиды. Таңертең ерте тұрады. Бұл қашанға дейін жалғасады? Жергілікті билік үйді топырлатып салғанда біздің балаларымыз туралы неге ойламаған? Ең болмаса, жаңа мектеп салынғанға дейін оқушыларды тасымалдағанға автобус берсін. Тағы бір өзекті мәселе - шағынауданда жалғыз дүкен бар. Бағасы удай", - дейді Жәмила есімді көпбалалы ана.
Абай облыстық Білім басқармасы өкілінің айтуыншв, биыл маусымда Қарағайлыда 1200 орындық мектептің құрылысы басталады.
"Жер телімі рәсімделген. Жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Мектеп құрылысына бюджеттен 2 миллиард 465 миллион теңге қарастырылған. Білім ордасы 2024 жылы ашылады", - дейді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова