Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиевті неліктен қызметінен босатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Қырғызстан басшысының баспасөз қызметі мәліметінше, Садыр Жапаров "бұл қадамның басты мақсаты мемлекет бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы алауыздықтың алдын алу" болғанын айтқан.
Қырғызстан президентінің айтуынша, бұл шешім мемлекет мүддесі үшін қабылданған және тұрақты, үйлесімді саяси жағдай құруға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды.
Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған. Жарлыққа сол кезде 2020 жылы 5-6 қазанда болған оқиғалардан кейін президент міндетін атқарушы Садыр Жапаров қол қойған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!