Садыр Жапаров Алмазбек Атамбаевты “Қырғызстанның Батыры“ атағынан айырды

Садыр Жапаров Алмазбек Атамбаевты “Қырғызстанның Батыры“ атағынан айырды
Фото: instagram.com/almazbek_atambaev_official

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты бірқатар мемлекеттік наградасынан айыру туралы жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жарлықтың мәні

Бұл шешім Бішкектің Бірінші Май аудандық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы үкіміне сәйкес қабылданған. Атамбаев келесі жоғары мемлекеттік марапаттарынан айырылды:

  • "Қырғыз Республикасының Батыры" ең жоғары дәрежелі айрықша белгісі;
  • "Манас" орденінің II дәрежесі;
  • "Данакер" ордені;
  • "Даңқ" медалі.

Жарлық бұрын берілген марапаттау туралы құжаттардың күшін жояды: 1999 жылғы 22 сәуірдегі №106 ( "Даңқ" медалі), 2007 жылғы 27 қарашадағы №518 ("Данакер" ордені), 2011 жылғы 30 қарашадағы №311 жарлықтың үшінші абзацы (мемлекеттік наградаларды белгілі тұлғаларға беру туралы), сондай-ақ 2017 жылғы 27 қарашадағы №1 - "Қырғыз Республикасының Батыры" атағын беру жөніндегі жарлық.

Бас прокуратура жанындағы сот орындаушылары қызметіне наградалар мен оларға қатысты құжаттарды тәркілеу тапсырылған. Кейін олар мемлекеттік наградалар қорына тапсырылуға тиіс.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап, яғни 29 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.

Алмазбек Атамбаевтің ісі

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, сондай-ақ, мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Атамбаевқа мына айыптар тағылған:

  • ЖЭО-ны (жылу электр орталығын) жаңғырту кезінде заңсыз баю;
  • 2019 жылғы 7–8 тамызда Қой-Таш ауылында болған тәртіпсіздіктер;
  • Қой-Ташта жер телімдерін заңсыз алу.

Бұл іс бойынша басқа да тұлғалар әртүрлі мерзімдерге сотталған: Жогорку Кенештің бұрынғы депутаттары, президент аппаратының экс-басшысы Фарид Ниязов, Бішкектің бұрынғы мэрі Албек Ибраимов, ІІМ-нің бұрынғы басшысы Абдылда Суранчиев және тағы басқалар. Сот процесі бес жылдан аса уақытқа созылған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget